Коронавирус туралы соңғы мәліметтер

Коронавирус туралы соңғы мәліметтер
Фото: facebook.com

Жаңа коронавирус түрінен қайтыс болғандардың саны 910-ға жетті. Уханьда 190 мыңға жуық адам медициналық бақылауға алынған. Бұл ауру Қытайдан бөлек 23 елде тіркелген. Коронавирустың жалпы құрбандарының саны 2003 жылғы атиптік пневмония (SARS) мен 2012 жылы басталған Таяу Шығыс респиратор синдромы (MERS-CoV) құрбандарынан әлдеқашан асып кетті. 

Жақында вирустың таралуы бәсеңдегені хабарланған болатын. Бірақ, медицина мамандары мен сарапшылар әлі қуануға ерте дейді. Эпидемия ошағы Хубэй провинциясындағы қайтыс болғандардың саны 780-ге жеткен. Жалпы Қытайда олардың саны – 908.

2003 жылы SARS (ауыр жедел респираторлық синдром) нәтижесінде 20-дан астам елде 774  адам өлімі тіркелген еді.  

Таяу Шығыстағы тыныс алу синдромынан (MERS-CoV) қайтыс болғандардың жалпы саны 858. MERS коронавирусы алғаш рет 2012 жылы Сауд Арабиясында анықталған. 2012 жылдың қыркүйегіндегі жағдай бойынша 27 елде MERS-пен 2494 адам ауырған.

 Соңғы мәліметтер

• Хубей провинциясында өткен сенбіде 81 адам қаза тапты деп хабарланған еді. Ал жексенбіде тағы 97 адам қайтыс болғаны анықталды. Ауданда зардап шеккендердің жалпы саны саны 877.

• ҚХР-дағы жалпы құрбан болғандардың саны 908 адам. Ал Гонконг пен Филиппинде екі адам қайтыс болған.

• Қытай үкіметі 350 науқас вирустан айығып үйлеріне қайтарылғанын хабарлады.

AliExpress, банан және алкоголь: Коронавирус туралы кең таралған фейк жаңалықтар

• Танымал актер Джеки Чан коронавирустың жаңа түріне қарсы антивирус ойлап тапқан адамға 1 миллион юань (143 мың доллар) беруге  уәде етті. 65 жастағы Қытай актері бұл туралы Weibo әлеуметтік желісіндегі парақшасына жазды.

• Өткен жексенбіде Қытай үкіметі Хубэйдегі мектептер 1 наурызға дейін жабылғанын хабарлаған. 

Джеки Чан коронавирусқа қарсы дәрі ойлап тапқанға 1 миллион юань береді

• Йокогама портында карантинге алынған Daymond Princess круиздік лайнерінде тағы алты адамға коронавирустық инфекция диагнозы қойылды. Қазіргі уақытта Жапонияда вирус жұқтырғандардың саны 96, олардың 70-і аталған кемеде вирус жұқтырған.

• Гонконг үкіметі Қытайдың жеріндегі барлық адамдарға екі апталық карантин енгізді. Карантиндік тәртібін бұзу ауыр айыппұлдармен және бас бостандығынан айырумен жазаланады. Жалпы, Гонконгта 26 науқас анықталды.

• Бейсенбі күні Уханьда 60 жастағы АҚШ азаматы қайтыс болды. Бұл шетелдік азаматтар арасындағы алғашқы өлім. 

• Сенбі күні Францияда 5 адам, соның ішінде 9 жастағы балаға коронавирус жұққаны анықталды. Олардың барлығы Сингапурдан келген Ұлыбритания азаматымен бірге араласқан. Жалпы Францияда аталған вирусты 11 адам жұқтырған.

• Қытайда коронавирус туралы алғаш рет ескерту жасаған, ҚХР үкіметі тарапынан елді дүрліктіретін жалған ақпарат таратты деп айыпталған офтальмолог Ли Вэньлян коронавирустың құрбаны болды. 34 жастағы дәрігер Ухань қаласының орталық ауруханасында қызмет еткен. Ол 11 қаңтарда Weibo әлеуметтік желісінде жөтел мен қызуы көтерілгенін жазған. Дәрігер 1 ақпандағы соңғы хабарламасында оған коронавирус диагнозы қойылғанын хабарлаған.

Қалай қорғану керек?

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы жаңа коронавирусты жұқтырмау үшін төмендегідей кеңес айтқан:  

• қолыңызды сабынмен немесе спиртпен жиі жуыңыз;
• жөтелгенде немесе түшкіргенде аузыңыз бен мұрныңызды жабыңыз;
• тұмау белгілер бар адамдардан аулақ болыңыз, қызуыңыз көтеріліп, жөтелсеңіз жедел жәрдем шақырыңыз;
• ет базарына барғанда жануарлар мен басқа да заттарды ұстаудан сақтаныңыз;
• тағамды әсіресе етті асықпай пісіріңіз;

Қытайдан басқа елдер короновирусқа қарсы қандай шара қолданып жатыр?

Айта кетейік, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы бүкіл әлем бойынша вирус жұқтырғандардың саны 40171-ге жеткенін айтты. Олардың ішіндегі 6500 адамның жағдайы ауыр, 910-ы қайтыс болған. Қазіргі уақытта коронавирус Қытайдан басқа 23 елде анықталды. Басқа елдерде вирус жұқтырғандардың саны – 201 адам (Жапонияда 45, Сингапурда 28, Тайландта 25, Оңтүстік Кореяда 23 және Аустралияда 14). Олардың ішінде Филиппин мен Малайзияда екі адам қайтыс болды. Вирус басталғаннан бері емделгендердің жалпы саны 3500 адам. Жалпы, 190 мың адам медициналық бақылауға алынған.

Т. Раушанұлы