Джеки Чан коронавирусқа қарсы дәрі ойлап тапқанға 1 миллион юань береді

Джеки Чан коронавирусқа қарсы дәрі ойлап тапқанға 1 миллион юань береді
Фото: moi-portal.ru

Танымал актер Джеки Чан коронавирустың жаңа түріне қарсы антивирус ойлап тапқан адамға 1 миллион юань (143 мың доллар) беруге  уәде етті. 

65 жастағы кытай актері бұл туралы Weibo әлеуметтік желісіндегі парақшасына жазды. Ол сонымен бірге адамдарға қорғаныс киімі мен медициналық маскаларды тегін таратып жатқанын хабарлаған. Актер 1 миллион юань ол үшін үлкен қаржы емес екенін айтты.

“Ғылым мен технология – вирусқа қарсы күресте сәттіліктің кепілі. Бұл сөзіммен көпшілік келіседі деп ойлаймын. Мүмкіндігінше тезірек антивирус ойлап табылады деп үміттенемін. Мәселе ақшада емес. Мен бір кездері өмір қыз-қыз қайнап жатқан көшелердің бүгінде қаңырап қалғанын көріп, көптеген жерлесім өмірден ләззат алудың орнына, вирусқа қарсы өмір сүру үшін күресіп жатқанына жаным ауырады”, - дейді актер.

Жақында Қытайда Джеки Чан басты рольді сомдаған “Авангард” (Vanguard, 2020) фильмінің шығуы коронавирустың кесірінен кейінге шегерілген. Фильм үлкен экранға 25 қаңтарда шығады деп жоспарланған еді. 

Айта кетейік, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы бүкіл әлем бойынша вирус жұқтырғандардың саны 40171-ге жеткенін айтты. Олардың ішіндегі 6500 адамның жағдайы ауыр, 910-ы қайтыс болған. Қазіргі уақытта коронавирус Қытайдан басқа 23 елде анықталды. Басқа елдерде вирус жұқтырғандардың саны – 201 адам (Жапонияда 45, Сингапурда 28, Тайландта 25, Оңтүстік Кореяда 23 және Аустралияда 14). Олардың ішінде Филиппин мен Малайзияда екі адам қайтыс болды. Вирус басталғаннан бері емделгендердің жалпы саны 3500 адам. Жалпы, 190 мың адам медициналық бақылауға алынған.

Т. Раушанұлы