Құрманың пайдасы мен зияны

Құрманың пайдасы мен зияны
Фото: freepik.com

Күн салқындағанда дүкендерде көп сатылатын жемістердің бірі – құрма. Аталған жеміс – жаңа жылдық дастарханның айнымас бір бөлігі. 

Құрмада қызғылт сары пигмент бета-каротин көп кездеседі. Ол аллергияның қозуына әкеледі. Үш жастан асқан балаларға құрма жеуге болады. Дегенмен оны көп тұтынбау қажет. Өйткені шамадан тыс жеу терінің сары түске боялып, каротинді сары ауруға себеп болады.

Дәмі ауыз қуыратын құрманың құрамында танин көп кездеседі. Танин дегеніміз – медицинада дәрі үшін, тұрмыста қырғыш ретінде қолданылатын емен және басқа ағаштың қабығынан жасалған ұнтақ. Оның асқазанға әсері қатты. Оның әсерінен ересектердің іші қатса, әлі асқазаны әлсіз балалардың ас қорытуы бәсеңдейді.

Сондай-ақ құрманың құрамында қанттың көп болатынын ескеру қажет. Құрмада 100 килокалория бар. Сусамырмен ауыратындар құрмадан түбегейлі бастартуы керек. Толық піспеген құрма асқазанда безердің не қатты "тастардың" жиналуына әсер етеді. 

Құрманы жер алдында оның қабығына назар салыңыз. Қара дақтары бар, қабығына зақым келген құрмадан аулақ болған жөн. Өйткені оның сыртында зиянды микробтар болуы мүмкін. Ол іштің өтуіне, жүректің айнуына және ағзаның әлсіреуіне сеп болады.

Шамадан тыс тұтынбай, белгілі бір мөлшерде жесеңіз ғана құрманың пайдасын сезінесіз. Оның құрамында көптеген пайдалы микро және макроэлементтар бар. Магний тамырларды босаңсытса, калий ағзадағы артық заттардың шығып, қан-қысымының төмендеуіне әсер етеді. Пектиндер болса токсинді заттарды жояды. Оған қоса құрма – йодтың таптырмас көзі. Дәрігерлер күніне екі құрмадан көп жемеуге кеңес береді.

А. Рысдәулет