Метеоризм деген не?

Метеоризм деген не?
Фото: kurier.at

Қазақша бұл ауруды іштің кебуі дейді. Іштің кебуіне ішекте газдың жиналып қалуы негізгі себеп болады. Ондайда науқас өзінің ас қорыту жүйесінен өзгеріс сезеді.  Яғни іші кеуіп, желденіп кетеді. Бұл қоғамда өзіңізді қолайсыз сезінуге алып келеді. Ендеше метеоризм (іш кебу) дертімен таныс бола отырыңыз.

Газ қайдан келеді?

Ішекте газдың түзілуіне себеп болатын жағдай біріншіден — асқазанда ас қорытылған кезде бактериялардың пайда болуы. Газды сол бактериялар өздерінің тіршілік ету барысында бөліп шығарады. Сол сияқты науқас ауаны тамақ ішкен кезде әйтпесе біреулермен әңгімелесіп, сөйлескен кезде шамадан тыс жұтуы ықтимал. Ондайда адам кекіре береді. Жұтқан ауасы аузынан солай кекірік түрінде шығады. Жалпы метеоризм ауыр, қауіпті сырқат емес. Алайда онымен ауырған адам күнделікті тіршілікте өзін қолайсыз сезінеді және көңіл-күйі бұзылады.

Іштің кебуіне негізінен мынадай жағдайлар әсер етеді:

— Асқазан-ішек жүйесінде нашар қорытылатын көмірсутегіне бай тағамдармен қоректену;

— Газды сусындарды көп ішу;

— Тамақты асығыс шайнап жұту, ауызды толтырып, лақылдата су ішу;

— Тамақ ішіп отырып әңгімелесу;

— Таңдайдағы, тістегі, кеңсіріктегі ақау;

— Ішек жүйесінің кейбір тамақ түрлерін нашар қорытып сіңіруі;

— Іштің жи-жиі қатуы (ондайда астың ішек бойымен қозғалуы қиындайды).

Метеоризмнің негізгі белгілері:

— Кекіру;

— Іштің кебуі;

— Іштің ауруы және науқастың өзін қолайсыз сезінуі.

Қандай тағам түрлерін тұтыну қажет?

1. Бұршақ;

2. Орамжапырақтың брокколи, ақ қауданды және брюссельдік түрлері;

3. Пияз бен берікгүл (артишок);

4. Алмұрт, алма, персик жемістері;

5. Бидайдан, дәнді дақылдардың кебігінен, түйір дәнді өнімдерден әзірленген тағамдар;

6. Алькогольсіз және жеміс шырынынан әзірленген сусындар;

7. Сүт және сүт өнімдері;

8. Нан, жарма секілді лактозалы азық-түліктер.

Ішіңіздің кебетінін, желденетінін байқасаңыз суды, сорпаны молырақ ішіңіз.  Газды сусындарды, сыраны, содалы сусындарды мүмкіндігінше аз пайдаланыңыз, сирек ішіңіз. Әйтпесе асқазан ішек жүйеңізде ас-судың ашуын, қышқылдануын күшейтесіз. Газды сусындарды ыдысқа құйып, оның газын неғұрлым сыртқа шығарып барып ішіңіз. Тамақты баяу әрі мұқият шайнауға тырысыңыз. Сонда бос ауа жұтудан сақтанасыз. Сонымен қатар сағыз шайнаудан, қатты тәттілерді жеуден, сорудан тиылыңыз. Темекі шекпеңіз. Тіс дәрігеріне барып, аузыңыздың ішін тексертіп тұрыңыз. Бұл әсіресе жасанды тісі бар адамдарға міндетті болып саналады.

Іштің кебуін болдырмайтын, барынша бәсеңдететін ықпалды көміртегі (активированный уголь), симетикон секілді дәрі-дәрмектерді қолданыңыз. Іш кебуінен, оның жанға бататын түрлерінен ұдайы зардап шегіп жүрсеңіз, ішіңіз ауырып, жүдей бастасаңыз міндетті түрде дәрігерге көрініңіз. Мұндай жағдайда дәрігер алдымен метеоризмнің неден пайда болғанын, себебін анықтайды. Себебі іштің кебуі кейде басқа елеулі сырқаттардың, мәселен өт қалтасы кеселдерінің салдарынан да болады. Ем осы аурудың этиологиясына, түпкі себебіне қарай тағайындалады. Метеоризмга қарсы симптоматикалық ем-домның қолданатын кезі де аз емес. Іш жүргізетін, ішектегі астың қозғалысын жақсартатын дәрі-дәрмектерді де пайдаланады. Осы тұста халқымыздың «Ауру астан» деген сөзін ұдайы есте сақтаған жөн.

Н. Үсенова