Шаршағанды басатын тағамдар

Шаршағанды басатын тағамдар
Фото: ernur.kz

Жүйкеңіздің жұқарып, үнемі дел-сал жүруіңізге тағамдардың да ықпалы зор. Сондықтан да ең әуелі дұрыс тамақтануға көңіл бөлген жөн. Тамақ мәзіріне пайдалы әрі дәруменге бай тағамдарды қосыңыз. Сонымен қатар бойыңызды балқытып, денеңізді тынықтыратын эфир майы қосылған бұлау қабылдаңыз. Мұндай бұлау дұрыс тыныс алуға да оң ықпалын тигізеді. Ендеше назарларыңызға шаршауды басып, жүйкеңізді тынықтыратын әрі ағзаңызды қуаттандыратын тағамдар түрлерін ұсынамыз.

Саумалдық. Саумалдық гемоглобинді көтеретін темір элементіне өте бай. Егер ағзаңызда темір элементі жеткіліксіз боса, онда адам шаршағыш болып, бойын әлсіздік билейді. Сондықтан да құрамында магний мен темір элементі бар тағамдарды көбірек тұтыныңыз. Себебі ағзаңызға магний жетіспесе, үнемі  ұйқыңыз қанбай, күйзеліске тез түсесіз. Сонымен қатар, асқа деген тәбетіңіз де төмендейді. Саумалдықтың құрамында бойыңызды қуаттандыратын калий элементі бар. Адам ағзасы үшін аса қажетті болып табылатын бұл үш элементті  саумалдықтың құамынан алуға болады. Сондықтан да кез келген сұйық тағамға, салатқа, тұздыққа  балғын саумалдықты қосуды ұмытпаңыз.

Сұлы. Сұлы магний, фосфор элементтері мен В1 дәруменіне бай. Осы бағалы заттардың арқасында бойыңыз күш-қуаттанып, ағзаңыз қуаттанады. Сұлы ботқасы шаршауды басатын керемте тағам. Сондықтан таңғы асқа міндетті түрде сұлы ботқасын жеңіз. Егер мұның құнарлығын арттырғыңыз келсе, ондабір уыс жаңғақ немесе пісте қосуға болады.

Жаңғақ пен пісте. Магний элементінің қайнар сөзі болып табылатын жаңғақтардан аминқышқыл мен триптофанды алуға болады. Бұлар ұйқының дұрыс әрі қанық болуына ықпал етеді. Жаңғақ сіздің ағзаңызды магний элементімен толықтырады. Сонымен қатар оның құрамынан өзіңізге күш беріп, тоқшылықты сездіріп отыратын ақуызды алуға болады. Адам үшін ең маңызды болып табылатын омега-3 қышқылын да жаңғақтан табасыз. Көңіл-күйіңізді көтеріп, жайдары болып жүру үшін жаңғақ пен пісте жеуді әдетке айналдырған дұрыс.

Йогурт. Бұл ең қолжетімді әрі танымал тағам. Йогурт дәмді, жеңіл әрі сіңуі тез тағам болғандықтан, оны бала да, ересек те сүйсініп жейді. Құрамындағы пайдалы тағамдарының арқасында бойыңыздағы ауырлықты жеңілдетіп, шаршауыңызды басады әрі әлсіздіктен арыласыз. Сонымен қатар йогурттың бойынан табылатын тактериялар денсаулығыңызды жақсартып, ішектің жұмысын реттейді және асқазан мен ас қорыту жүйесінің жұмысын жақсартады.

Анар. Анар жемісі А, В, С, Е, Р дәрумендері мен марганец, кальций, магний, калий, кобальт сынды элементтерге өте бай. Бұл пайдалы жеміс  ағзаңызды қуаттандырып, инфекцияға қарсы күресуге күш береді әрі тәбетті ашады. Мықты денсаулық иесі болғыңыз келсе, онда күніне 1 стақан анар шырынын ішіңіз немесе жарты анар жемісін жеуге болады.

Фасоль. Фасоль жасұнықтың қайнар көзі болып табылады. Жасұнық ағзаны улы заттардан тазартатын щетканың қызметін атқарады. Сонымен қатар асқорыту жүйесінің жұмысын жақсартады. Бұл адамды қуаттандырып, күш береді. Фасольдің құрамында марганец, магний, калий мен мыс та бар. Бұл элементтер қанайналымды жақсартып, иммунитетті көтереді. Әлсіздік пен шарашуды жеңуге қабілетті фасольді түрлі тағамдар мен салатқа қосуға болады. Одан дәмді тіскебасар мен тұздық әзірлеуге де болады.

Н. Үсенова