Жүйкеңіз шаршаған болса...

Жүйкеңіз шаршаған болса...

«Тірі жан жоқ орманның ішінде келе жатыр. Әрбір қадамын басқан сайын тынысы жиілей түседі. Қай ағаштың арасынан қандай мақұлықтың шыға келетінін білмейді. Бар болғаны бар даусымен айғайлағысы келеді де тұрады...». Міне дәл осылай жазушылар өмірден жалыққан, күйзеліске тап болған кейіпкерлерін суреттейді. Ал шынайы өмірде ше? Жүйкесі шаршаған адамдарды қалай суреттеуге болады? Оны суреттемес бұрын, жүйкені тыныштандырып, күйзелістен арылуға көмектесетін бірнеше кеңестерімізді ұсынамыз:

1. Жанға жайлылық сыйлайтын музыка тыңдаңыз. Музыка сіздің назарыңызды басқа арнаға бұрады. Ал назарыңызды басқа арнаға бұратын музыка R&B жанрында да болуы мүмкін. Бастысы шын мәнінде жайлылық сыйлап жатқанына көз жеткізіңіз.

2. Терең тыныс алу. Бұл кеңінен таралған әдістердің бірі. Көзіңізді жұмып тұрып терең демалыңыз да, артынша ауаны сыртқа шығарыңыз. Осыны бірнеше рет қайталаңыз. Демалған кезде кеуде жасушаларына ауырлық түспейтіндей, баяу тыныс алыңыз. Жаттығу барысында денеңіздің ауырлықты сезбейтіндігіне көз жеткізіңіз. Аталған жаттығуды жасаудың арқасында қан айналымыңыз жақсарып, қан қысымыңыз жоғарылап, денеңіз физиологиялық деңгейде демалады. Күйзеліс кезінде адамның қимыл-қозғалысының жылдамдығы артып кететіндіктен, бұлшық еттерді босаңсыту керек.

3. Елестету немесе қиялдау. Ешкім жоқ, ауасы таза, тыныш жерге көзіңізді жұмып отырып, өзіңізді хош иісті гүлдердің, әсем саябақтың ортасында немесе қымыз иісі аңқыған кең жайлауда отырмын деп елестетіңіз. Сіз қандай дыбыстарды естіп тұрсыз? Қандай иістерді сезудесіз? Қажет болса, көк майса шалғында жатқандай әсерде болыңыз. Өз елесіңізге сіз сенген сайын, денеңіз де алданады. Яғни, бұл да өз кезегінде тынышталуға мүмкіндік береді.

4. Аз уақыт ұйықтап алыңыз. Тіпті, бар болғаны 15 минутыңыз ғана болса да, жатып тынығыңыз. Ояна салысымен өзіңізді сергек сезінесіз. Ал ми сергек кезде шешімді әрдайым дұрыс қабылдайды. Пародаксалды (әдеттен тыс) ұйқы кезінде ми толқындары зат алмасып, денеге жайлылық сыйлайды. Және жатқан кезде де денеңіз ұйып қалмайтындай дұрыс жатыңыз. Мұнымен қатар денсаулығыңыз жақсы болу үшін, түнде ұйқыңыздың уақытын бұзбаңыз.

5. Ояныңыз да керіліңіз. Бұлшық еттеріңізді соза түсіңіз. Ояна салысымен, бөлменің ішінде быраз жүріп, жаттығулар жасаңыз. Үйде ешкім жоқ болса, көңілді музыка қосып билеп алыңыз. Нәтижесінде миыңызға әсер етіп ғана қоймай, көтеріңкі көңіл-күй сыйлайды.

6. Таза ауамен демалыңыз. Ол небары 1 минут ғана уақытыңызды алады. Көшеге шығып, таза ауа жұтынсаңыз болғаны.

7. Ұзақ уақыт жаяу жүру. Жақсы демалыс жаман ойлардан арылуға көмектеседі. Бұдан өзге адамдардың не істеп жүргенін бақылап көріңіз. Өзіңізді қинасаңыз да, күйзеліске тап болған сәттерде денеңізді қимылдатыңыз.

8. Дұрыс тамақтаныңыз. Жеміс-жидектердің көмегіне жүгінуімізге тура келеді. Әрі аш болғанан, тоқ жүргеніңіз жақсы. Қанты көп тағамдар жүйкеге әсер ететін болғандықтан, оларды көп жемеуге тырысыңыз.

9. Жылы ванна қабылдаңыз. Жылы су да күйзеліске төтеп беруге көмектеседі. Уақытыңыз болса, ұзағынан жатып тынығыңыз. Ваннаға арналған тұзға шомылып, қаласаңыз аудио кітаптар тыңдаңыз.

Дайындаған: Қарлыға Бүйенбай

Сурет: foto.99px.ru

Қ. Бүйенбай