"Денсаулық мемлекеттік бағдарламасы": Дәрі-дәрмекті тиісінше қолданбау неге алып келеді?

"Денсаулық мемлекеттік бағдарламасы": Дәрі-дәрмекті тиісінше қолданбау неге алып келеді?
Фото: freepik.com

Дүниежүзілік Денсаулық Сақтау Ұйымының пайымдауынша, әлемде бірде-бір мемлекет денсаулық сақтау саласының тиімді әдісін білмейді. Тіпті, экономикалық деңгейі жоғары мемлекеттердің өзі де денсаулық сақтау саласына бөлінетін қаражатты оңтайландыру шараларын жасауға тырысады. Өйткені, қай мемлекет болмасын денсаулық сақтау саласына қажет шаралар үшін жыл сайын бюджеттен қыруар қаражат жұмсайды. Ал аталған міндеттерді іске асырудың бір жолы – дәрі-дәрмекті тиімді пайдалану. Сол себепті Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласын дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған "Денсаулық" мемлекеттік бағдарламасында да фармацевтикалық білім беруді жетілдіру бағыты негізге алынған. 

Дүниежүзілік Денсаулық Сақтау Ұйымының дерегіне сәйкес 50%-ке жуық дәрі-дәрмек тиісті түрде белгіленіп, сатылмайды. Сондықтан әрбір екінші емделуші дәрі-дәрмекті бұрыс қабылдайды. Дәрі-дәрмекті дұрыс қолданбау (артық не кем) адамдардың денсаулығына зиянын тигізіп, тағы да медициналық ресурстардың бейберекет қолданылуына себеп болады. 

Дәрі-дәрмекті ұтымды пайдалану медициналық қызмет көрсететіндердің білімі мен оларды бақылау жұмысына айтарлықтай әсер етеді. Дәрі-дәрмекті орнымен пайдаланбаудың мынандай түрлері жіктелген:
– Бір науқасқа бірнеше препаратты жазып беру немесе бір мезетте бір дәрі мен оның аналогын қатар қолдану;
– Инфекциялық аурулар кезінде антибактериялық құралдарды шектен тыс қолдану;
– Ішкі қабылдауға арналған (пероралды) дәріні ас қорыту жолдарынан тыс (парентеральды) дәрі-дәрмекке алмастыру;
–  Клиникалық түрде белігіленген дәрі-дәрмектен бас тарту, өз бетімен емделу. 

Дәрі-дәрмекті ұтымсыз пайдалану мәселесін шешу үшін не істеу керек?

Бұл мәселенің алдын алу үшін оларды белгілеу, ұсыну және науқастың қолдануына сәйкес ұдайы бақылау жұмыстарын жүргізу шарт:
• Дәрі-дәрмектің түрлерін назарға ала отырып, нақты қай мәселе бойынша жұмыс істеу керек екенін анықтау;
• Дәрі-дәрмекті ұтымсыз пайдаланған жағдайларды ескере отырып, мәселенің қаншалықты көлемді екенін ұғу;
• Медикаменттерді ұтымсыз пайдалаундың себептерін қарастыру керек.

Неге адамдар дәрі-дәрмекті орынсыз пайдаланады?

• Фармацевтикалық білімнің жетіспеушілігі.
• Тәуелсіз ақпараттардың мол болуы: соның ішінде интернет басылымдарда ауру мен оларға қандай профилактикалық шаралар қолдануға болатындығы көрсетіледі. Көп жағдайда уақыттың тығыздығын алға тартып адамдар үйде өзін-өзі емдеуге тырысады. 
• Дәрі-дәрмекті сатып алуға шектеудің болмауы: осыған дейін шектеусіз сатылған дәрі-дәрмек енді тек дәрігер рецептімен ғана босатылады. Сондықтан, бұл мәселенің алдын алу шаралары басталды. 
• Медициналық қызметкердің шектен тыс жұмысбастылығы: науқас неге дәрігерден қашады деген сұрақ туындайды. Бұндай жағдайда дәрігердің шектен тыс қағазбастылығы мен шексіз кезекті еске аламыз. Бірақ соңғы деректер бойынша цифрландыру жүйесіне біртіндеп көшіп жатқан денсаулық сақтау саласында қағазбастылық екі есе азайып, кезек қысқарған. Демек, маманның көмегіне жүгіну мүмкіндігі арта түсті. 
• Медикаменттерді бизнеске айналдыру.

Ұтымды емдеу-профилактикалық жұмыстар науқастың жағдайына сәйкес жүргізілуі тиіс.

• Тиісті белгілеу: Дәрігер емделушіге дәріні толықтай сараптамадан соң, дәрі терапиясының тиімді әрі пайдалы екенін ұғына отырып пайдалануды ұсынады.
• Тиісті дәрі-дәрмек: Дәріні беруде оның тиімділігін, қолданысын, науқастың жағдайын, қауіпсіздігі мен бағасын назарға алады.
• Тиісті мөлшер: Емдеу құрылымы, дәрі қабылдау мөлшері (дозасы), қабылдау уақытын әр емделушіге жекелей таңдайды әрі бақылауында ұстайды.
• Тиісті науқас: Емдеуші дәрігер науқастың аллергиясы немесе өзге де қарсы көрсетілімдерін тексеруі және әр науқастың жеке ерекшеліктерін ескеруі тиіс. Өйткені, соңғы уақытта аллергиялық реакциялардың көбеюі нәтижесінде адам өмірі мен ішкі ағзасына айтарлық зиян тигізеді.
• Тиісті түрде науқасты ақпараттандыру: Кез келген пациент дерті жөнінде әрі белгіленген ем жөнінде түсінікті, толық әрі нақты ақпарат алуы тиіс. Дәрігерлер өзара терминмен сөйлессе де, науқасқа оның дерттің не емді ауызекі сөйлеу стилінде, түсінікті жеткізуі тиіс. Көп жағдайда, тиісті жауап ала алмаған науқас интернет пен тәуелсіз ақпарат көздеріне жүгінеді. Нәтижесінде маман емес, солар ұсынған ем шараны қабылдай бастайды.
• Тиісті ем салдары: Белгіленген дәріні қабылдау-қабылдамау салдары толықтай дәрігер бақылауында болуы шарт. Емделуші тек дәрі мен ақпарат алудан тоқтап қалмауы тиіс. Дәрігер жауапты науқасты толықтай бақылауында ұстайды.
• Тиісті баға: Белгіленген дәрі-дәрмек бағасы әрі емдеу-профилактикалық шаралар  бағасы науқасқа сәйкесінше көрсетілуі тиіс. Ұтымсыз дәрі-дәрмек қолданудың басты себебі, дәрі-дәрмектің бағасының жоғары болуы. Нәтижесінде тиімсіз, бірақ бағасы арзан аналог іздеуге тырысады. 

Адам өмірі – өз қолында. Уақытында ем қабылдау және тек мамандардың көмегіне жүгіне денсаулыққа төнген қатердің алдын алады. Өзін-өзі емдеу немесе ауруды елемеу орны толмас өкінішке алып келеді. Өз денсаулығыңызды күтіңіз.

Т. Есқали