Биік өкшелі аяқ киім денсаулыққа зиян болмас үшін...

Биік өкшелі аяқ киім денсаулыққа зиян болмас үшін...
Фото: pixabay.com

Қазір өкшесі бар аяқ киімді тек кешке емес, кафеге де, серуендеуге де, жұмысқа да кие береді. Бірақ бұл трендті дәрігерлер қолдамайды. Өкшесі бар аяқ киімнің денсаулығыңызға зияны тимес үшін кей ережелерді сақтаңыз.

1. Биік емес өкше таңдаңыз

Иә, кішкентай өкшелі аяқ киімдер әркез әдемі көріне бермейді. Бірақ дәрігерлер биіктігі 4-5 сантиметр болатын жалпақ өкшені қауіпсіз деп санайды. Ол табанға қатты күш түсірмейді. Егер кішкентай өкшелі аяқ киім кие алмасаңыз, платформасы биік болғанын ескеріңіз. Мысалы, 10 сантиметрлік өкшесі бар аяқ киімнің 2 сантиметрі платформа болса, өкшесі 8 сантиметр болып саналады.

2. Биіктікті өзгертіңіз

Биік өкшелер балтыр бұлшықеттерін қысқартады және қатты күш түсіреді. Ал алдыңғы бұлшықеттерді керісінше, созады. Нәтижесінде, аяқ бұлшықеттері дұрыс дамымайды. Мұндай мәселе болмас үшін аптасына аз дегенде 3 рет жай табанды аяқ киім киіңіз. Ең дұрысы, аяқ әрдайым бір жағдайда тұрмас үшін аяқ киімдерді кезектестіріп киген жөн.

3. Өкшесі бар аяқ киімді күннің соңында сатып алыңыз

Аяқ күні бойы ісінеді, сондықтан кешке таман табаныңыз жарты өлшемге үлкеюі мүмкін. Сол кезде шоппингке шыққан жөн, себебі нағыз керек өлшемді аласыз. Бір жағынан, аяғыңыз шаршаған уақытта бұл аяқ киімді кие алатындығыңызды тексересіз.

4. Ортопедиялық ұлтарақ сатып алыңыз

Олар табанның алдыңғы бөлігіне түсірілген күшті сәл азайтып, аяқ киімді ыңғайлы етеді.

5. Жаттығу жасаңыз

Аяқты үйден шығарда және кешкісін келгенде уқалаған жөн. Негізі мүмкіндік болса, әр 2-3 сағат сайын уқалау керек. Мектепте дене шынықтыру сабағындағы табанға жасаған жаттығуларды еске түсіріңіз: табанның ішкі және сыртқы жағымен жүру, өкшемен жүру және т.б. Егер кеңседе отсаңыз, үстел астына суы бар бөтелке немесе доп қойып, аяғыңызбен домалатып отырыңыз.

А. Жапатова