Тоңазыманың пайдасы мен зияны

Тоңазыманың пайдасы мен зияны
Фото: google.com

Тоңазыма (холодец) – үй жағдайында дайындалатын тағамдардың бірі. Бүгінде оны мерекелік дастарқандарда қойып жүр. Тоңазыма дәмді тағам ғана емес, сонымен қатар адам денсаулығына өте пайдалы.  Ендеше тоңазыма тағамының денсаулыққа пайдасы мен зияны жөнінде біле жүріңіздер.

Тоңазыма сиырдың етінен, бас сүйегінен, аяқ сирақтарынан, сүйек және шеміршектің қайнатпасы нәтижесінде дайындалады. Бұл тағам ХVI ғасырдан бері белгілі.  Оны ел арасында іркілдек, тоңба деп те атайды. Орыс халықтарының сүйікті асы тоңазыманың жасалу әдісі мен түрі өте көп. Оны тек қара малдың аяғы мен етінен ғана емес, тауық пен қой етінен де пісіреді. Тіпті теңіз өнімдері мен балықтан, көкөністен де дайындауға болады екен.

Тоңазыма құрамындағы ең пайдалы ақуыз (белок) – коллаген. Коллагеннің көп бөлшегі қайнау кезінде жойылып кетеді. Алайда аз қалған бөлшегінің өзінің пайдасы шаш-етектен. Ол тері мен ткандардың қартаю процесін тежейді, шеміршек пен сүйектің серпінділігін жақсартады. Айтарлықтай дәрмек болмағанымен, көптеген аурудың алдын алуға септігін тигізеді. Сонымен қатар қимыл-тірек жүйесі мен буын ауруларын болдырмайды.

Қайнатып дайындалатын бұл тағамның құрамында глицин атты қышқыл кездеседі. Бұл зат ми жұмысын реттейді және ағзадағы түрлі маңызды деген заттардың қайта қалпына келуіне ықпал жасайды. Күйзелісті жеңуге, қорқынышты басуға, эмоциональдық ауыртпалықтан арылуға әсер етеді. Тоңазымада кездесетін лизина атты аминқышқыл кальцийдің сіңуіне көмектеседі және вирусқа қарсы әрекет етуге ықпал етеді. Ал ретинол атты күшті антиоксидант көздің көру қабілеті және иммундық жүйеге де әсері бар.

Есіңізде болсын!

Тоңазыманы көп жеу ағзаға зиянын тигізбей қоймайды. Егер оны дайындағанда сарымсақ пен бұрышты мөлшерінен артық қосса, ол бауырға салмақ салады және адам артық салмақ жинайды. Сондықтан тоңазыманы аптасына 2 рет ғана жеуге мамандар кеңес береді.

Н. Үсенова