- Негізгі бет
- Денсаулық
- Целлюлиттен құтылу жолдары...
Целлюлиттен құтылу жолдары
Кез келген әйел заты үшін целлюлит сөзі жаман естілетіні анық. Егер дерт мазаласа, онымен күресуге қанша қаржы, күш, уақыт кететіні белгілі. Көбіне оң нәтиже бере бермейтіні тағы бар және одан толық арылу мүмкіндігі аз. Дегенмен, алғашқы белгілері байқалғаннан бастап, онымен күресуді бастаса болғаны, сіз діттеген мақсатыңызға жете аласыз.
Целлюлит – косметикалық ақау ғана емес, ол аурудың бір түрі. Себебі ол асқынса, емделмейтін жағдайға жетеді. Целлюлит көбіне аяқтың сан, жамбас бөліктеріндегі тері астындағы тіндердің құрылымында пайда болады. Яғни ағзадағы зат алмасу бұзылып, жасушалар токсиндерге толған майға айналады. Ал токсиндер жасушаларды созып, лимфадағы қан айналымын тежейді. Нәтижесінде май тарала алмай, бөгеліп қалады. Бұл сіздің дене сымбатыңызға кері әсері көп болғандықтан, бірден күрделі емдік рецептілерге жүгінбестен, әуелі үйде жасалатын процедураны жүзеге асырып көріңіз. Оң нәтижелерін көруіңіз ғажап емес.
Тұзды бұлау. Мұндай бұлауды қолданудың негізгі әрекеті ағзадан артық тұздарды шығарады. Одан ісік басылады да, көлемі азаяды. Сонымен қатар тұз қанның жүруін белсенді етеді және токсиндерден тазартады. Жақсы нәтижеге қол жеткізгіңіз келсе, бұлауды аптасына 2 рет жасаңыз. Әр емдік шараға 400-500 гр теңіз тұзы қажет. Тұзды алдымен 2 литр суға ерітіп алады да ваннадағы суға құяды. Бұлауда 15 минут жатады.
Орану. Мұның буланатын ерекше қасиеті бар. Ол қан айналымын және тер бездерінің әрекетін күшейтеді. Нәтижесінде ағзадан шлактар мен токсиндер шығады. Оранудан бұрын теріні скрабпен тазалайды да қоспаны қалың етіп жағып, сыртынан пленкамен орайды. 30-40 минут көрпемен жылы оранып жатады. Қоспа ретінде бал, балшық, балдырды пайдалансаңыз болады. Себебі, бал – теріні нәрлендіреді және тегістейді. Ал балшық – ағзаны көп мөлшердегі тұз және минералдармен толықтырады. Балдыр теріні тартады.
Массаж жасау. Теріңіз апельсин қабығы секілді болып кетсе, одан жүйелі түрде массаж жасау арқылы арылуға болады. Жылы-салқын душ қабылдаңыз. Одан әрі теріні төменнен жоғарыға қарай сылап-сипау арқылы қыздырыңыз және қатпарларды жинап, терідегі майды төменнен жоғарыға қарай ысқылаңыз. Бірнеше рет қайталаңыз. Біртіндеп салмақтан арыласыз. Сонымен қатар зәйтүн майымен теріні кеңінен айналдыра отырып ысқылап, алақанмен проблемалық аймақты шапалақтап ұрады. Сылап-сипап теріні тыныштандырады. Массаж түрлерін араға күн салып жасаған дұрыс.
Егер де осындай үй жағдайында жасалатын әрекеттер оң нәтиже бермесе, маманның көмегіне жүгінуге болады. Олар жасайтын емдік шаралардың түрлерін таныстырып өтейік.
Вакуумды массаж. Арнайы роликтерді пайдаланады және сұйылтылған ауа арқылы банка қояды. Вакуум тері астындағы май қабаттарына әсер етеді, серпімділік ткандарын көтереді. Бұдан тері қабаттарындағы ісік кетеді. Массаж целлюлиттің кезеңдеріне қарай маманның сараптамасынан кейін тағайындалады.
Ультрадыбысты лимфадренаж. Целлюлитке қарсы ең нәтижелі тәсіл. Проблемалық аймаққа микроток арқылы әсер етеді. Ол қан тамырлары мен қылтамырдың жұмысын жақсартады, лимфаның қоюлануына жол бермейді.
Гирудотерапия. Аталған процедураның жетістігі – сүлік сілекейлерінің химиялық құрамына байланысты келеді. Целлюлитпен күресте екі жағдай маңызды. Біріншіден, целлюлитке тірек болатын тканға сіңеді, екіншіден – майды ыдыратады. Осындай жолмен гирудотерапия дерттен арылтады.
Мезотерапия. Емдік құрамды арнайы техникамен жүзеге асырады. Жіңішке және қысқа инелер қолданылады. Осылайша майды ыдыратып, қан тамырларға оң әсерін тигізеді.
Н. Үсенова