Целлюлит: қыздарға тән мәселе

Целлюлит: қыздарға тән мәселе

Жас кезде целлюлит аса байқалмағанымен, уақыт өте келе бұл "індет" көп аруларға ыңғайсыздық тудырады. Кейбірі оны елемей, кейбірі оны ауру деп санап, жүйелі түрде күреседі.

Целлюлиттің пайда болу себебі неде?

Целлюлит май жасушаларының (адипоцит) ұлғаюынан бастау алады. Бұған көбіне әйел жыныс гормондары түрткі болады. Сол себепті репродуктивті маңызды аймақтарда (қарын, жамбас, бөксе, тізе және қолда) пайда болады. Әйелдерде май синтездеріне жауап беретін рецепторлар дененің бұл бөліктерінде 6 есе жоғары. Ал целлюлиттің дамуына тұқым қуалаушылық, жас ерекшелігі, гормонды теңгерімсіздік, қалқанша без функциясының төмендеуі, қан айналым жүйесінің және зат алмасудың бұзылуы, артық салмақ, гиподинамия, дұрыс тамақтанбау, темекі шегу және стресс сияқты факторлар әсер етеді.

Целлюлиттің белгілері қандай?

Тері көркін алатын бұл құбылысқа «апельсин қабығы», «кедір-бұдыр тері», «болбыр тері» деген атаулар беріліп жүр. Зақымданған аймақтардағы тері солғын болады, сипалағанда тығыз, қалыңдаған сияқты көрінеді, бұл аймақтар сезімтал болады. 

Целлюлит – бұл ауру ма?

Ғылым «целлюлит» сөзіне аса назар аудармай келеді. Мұндай атау болып жатқан процесстің төркінін ашып көрсетпейді, өйткені тері асты майы жасұнығында қабыну салдары болмайды, ал «-ит» жалғауы көбіне қабыну процестеріне қойылады. Целлюлит – бұл тері асты жасұнығының жергілікті фиброзды-дистрофикалық өзгеріске ұшырауы (адипоциттердің жергілікті гипертрофиясы және май ұлпасында микроциркуляцияның бұзылуы). Физиологтар тіпті оны әйелдердің екінші жыныстық белгілеріне жатқызады. Көптеген дәрігерлер бастапқы целлюлитті косметикалық кемшілік, ойлап табылған ауру деп санайды.

Арық әйелдерде целлюлит бола ма?

Целлюлит тек толық адамдарға тән деп ойлау - қателік. Целлюлиттің май басудан айырмашылығы – май біркелкі жинақталмайды. Түрлі диеталарға әуес болу – салмақпен ойнау (тез толу – тез арықтау) арық аруларда да целлюлиттің пайда болуына әсер етуі мүмкін.

Целлюлит тек әйел адамдарға тән бе?

Бұл тек әйелдерге тән мәселе. Бұл әділетсіздік тері асты майы ұлпаларының ерекшелігімен түсіндіріледі. Май ұлпасын бөліктерге бөлетін дәнекер ұлпа ерлерде тері бетінің бұрышына қарай орналасқан, ал әйелдерде перпендикулярға жуық. Сондықтан май жасушалары көлемінің ұлғаюы кезінде ерлердің тері бедері өзгеріссіз қалады, ал әйелдерде майда шұңқырлар мен дөңестер пайда болады.

«Апельсин қабығымен» күресудегі басты шаралар

Целлюлиттің қай кезеңі болмасын онымен күресуге арналған диета, физикалық жаттығулар, арнайы антицеллюлиттік кремдер мен гельдер, массаж, фигураны түзеуге арналған түрлі аппараттық әдістер кіретін кешенді дербес бағдарлама ғана нәтиже береді. 

Үйлестірілген тағам целлюлитке әсер ете ала ма?

Дене пішінін түзеуге арналған дұрыс тамақтану шараларына ақуызға бай өнімдер, жемістер мен шикі көкөністер кіруі қажет. Май мен көмірсуларды тұтынудан біраз уақытқа бас тарту керек. Бірақ тіпті ең оңтайлы диетаның өзінде целлюлитпен зақымданған аймақ ең соңғы болып «жүдейді». Диета – бұл целлюлитке қарсы басқа ем шараларына қосымша демеу.

Антицеллюлиттік құрылғылардың басты әсер ететін компоненті не?

Заманауи косметологияда целлюлитпен күресу үшін түрлі амалдар қарастырылған: мысалы, талассотерапия, мезотерапия, антицеллюлиттік массаж, гирудотерапия, озонотерапия, липосакция және т.б. Онымен қоса тері асты майы ұлпасында зат алмасуды реттеуге арналған арнайы компонеттерден тұратын небір кремдер, гельдер бар. Олардың әрқайсы жайлы келесі мақаламызда толық жазамыз.

Сурет: open.az

Дайындаған: Анар Мұстафина

A. Mustafina