Улы жәндіктер шағып алса...

Улы жәндіктер шағып алса...
Фото: forum.gogototour.com

Күн жылына салысымен бар табиғат жанданады. Соның ішіндегі улы жәндіктерден сақтану оңай емес. Олар әсіресе жаз мезгілінде көбірек қозғалыста болады. Өзіне жылы ұя және жемтік іздей бастайды. Үйде, бау-бақшада, табиғат аясында ара, сона, бүгелек (есек ара), бұзаубас, маса, кене, шіркей шаққанда алғашқыда білінбей, мазаламауы мүмкін. Алайда аллергияға бейім ағзада соңы үлкен дертке ұласады. Назарларыңызға мұндай улы жәндік түрлері шаққанда жасалатын ем-дом түрлерін ұсынамыз.

Ара немесе сона шаққанда сол орынды мүсәтір спиртіне батырылған дәкемен сүртеді. Жоғарғы жағына мұз басады.

• Шаққан жеріңіз қатты қышыса, қарама-қарсы бұлауға көшіңіз. Бір ыдысқа жылы, екінші ыдысқы суық суды құяды да улы жәндіктерден жараланған аяқты немесе қолды кезек-кезек салады. Жылы суда 3 минут, салқын суда 30-40 секунд ұстап тұрады. Мұны 4-5 рет қайталайды. Сосын аяқты құрғатып сүртіп, шұлық киеді.

• Шаққан орынға ортасынын бөліп пияз, картоп немесе сарымсақты қояды.

• Жәндіктер шаққан жердегі қышуды, ауырсынуды, ісінуді қырмызы (календула) тұнбасымен жуса, тез әсер береді. Сонымен қатар, жолжелкен (подорожник) шырыны мен аюбадам (бузина) жапырағының тұнбасы да мұндай жағдайда ауырсынудан арылтады.

•  Үнсіз маса (үндемес) мазалағанда теріге лаванда майын жағады. Егер түні бойы шағып тастаса, бұлау қабылдаңыз. Суға лимон тамшысы (2 тамшы), лаванда майы (5 тамшы), қалампыр майын (1 тамшы) тамызып, бұлауда 15 минут ұстайсыз.

• Кене жабысқан орынға 3 күн қатарынан таңертең және кешке йод жағады.

• Қандала жабысқан теріні 1 күн бойы түймедақ гүлінің тұнбасымен сүртіп, артынан керосин жағады.

Ара, сона, бүгелек (есек ара) шаққанда, ауырған және ісіп-қызарған жерге сарымсақ сөліне малынған дәкені басады.

• Құмырсқа тістемесін десеңіз, қолды сарымсақ, қызанақ, ақжелкен сөлімен сүртіңіз. Бұл жәндіктердің ұясына осы көкөніс пен шөптердің сөлін тамызып құтылуға болады.

• Шыбындар қарақат (смородина), мойыл, скипидардың иісіне төзе алмайды.

• Кене тістегене теріден бірден жұлып алмайды. Үстіне өсімдік майын құяды немесе осы майға малынған дәкені үстіне қояды. Сонда ол өзі-ақ түседі. Дереу йодпен теріні зарарсыздандырып, емханаға бару қажет.

• Лаванда майы кене шаққанда пайдалы. Сол орынға 1-2 тамшы май тамызып барып кенені алып тастайды.

• Жәндіктер шаққанда ауырсыну асқынып бара жатса, мүсәтір спирті (1 шай қасық), лимон шырыны (1 шай қасық), сіркесу (400 гр) және спиртті араластырып, қоспаға дәкені малып басады.

• Ара мен маса жиі мазалайтын болса, мынадай тұнба жасап ішуге болады. Термосқа 2 ас қасық ақжелкен (петрушка) тамырын салып, үстіне жарты литр қайнаған су құяды. Қайнатпаны 10 сағат қояды да күніне 3 рет 1 стақаннан ішеді.

Н. Үсенова