Шаңнан болатын аллергияның алдын алу

Шаңнан болатын аллергияның алдын алу
Фото: ivona.bigmir.net

Үйді тазалағанда, шаңсорғыш пайдаланғанда, үй жануарлары жақындағанда олардың шаңы адамды аллергия дертіне шалдыртады. Әрине, шаңнан аллергиясы бар жандар үшін бұл өте таныс жағдай. Тері мен көз қызаруы, дененің қышуы, мұрыннан су ағу сол секілді аллергиядан туындайтын жағдайлар ыңғайсыздық тудырады. Сондықтан аллергияның қай түрі болмасын оның ешкімге ұнамайтыны белгілі. Ал шаңнан болатын аллергияның алдын алуға болады. Ол үшін кейбір жайттарды есте ұстасаңыз болғаны.

Үй жағдайында ескеретін жағдайлар

• Кілемнің орнына қылшық жүннен жасалған кілемшелерді пайдаланыңыз. Алашалар да осындай материалдан болғаны жөн.

• Өңезделген саңырауқұлақтар (плесневой грибок) мен жәндіктерге тығылатын орын қалмасын.

• Жұмсақ ойыншықтарға шаң өте жабысқыш келеді. Егер сізді аллергия жиі мазаласа мұндай ойыншықтарды мүлде үйге қоймаңыз.

• Жиһаздардың көннен (кожа) болғаны жақсы. Олар шаңды аз жинайды.

• Құс жастық, көрпе мен көрпеше, синтетикалық жамылғыларды күн көзіне жиі жайып тұрыңыз.

• Шай ағашының майы үйді залалсыздандыруға таптырмас қорғаныш. Бір шелек суға 50 тамшы май тамызып, еден, жиһаздар, терезе жақтауларын сүртіңіз.

Шаңнан болатын аллергиядан дәрілік шөптер арқылы да арылуға болады.

Ол үшін:
- 5 ас қасық толғақшөп (золототысячник); 
- 4 ас қасық шайшөп (камелия); 
- 3 ас қасық бақбақ тамыры;
- 2 ас қасық дала қырықбуыны;
- 1 ас қасық жүгері шашағы;
- 1 ас қасық түймедақ;
- 2 ас қасық ұнтақталған итмұрын жемісі керек. Бақбақ тамыры мен итмұрынды еттартқыштан өткізеді де қалған шөптердің жиынтығын қосып барлығын араластырады. Осы қоспаның 1 ас қасығына 1 стақан салқын су құйып түнімен қояды. Таңертең баяу отқа қояды (толық қайнатпайды). Сыртын жақсылап орап, 4 сағаттан соң сүзгіден өткізіп пайдалануға болады. Күніне астан бұрын 1 стақаннан ішіп отырады. Тоңазытқышта тұнбаны сақтауға болады. Алайда алғашқы күндері тері өте қышиды. Ол кезде меновазин сұйықтығын жағуға болады. Ал 1 айдан соң нәтижесі көрінеді. Емді 6 ай жалғастыру керек. Ем уақытында спиртті ішімдіктерді (су, квас, сыра, шарап, арақ), қуырылған тағамдарды мүлдем қолдануға болмайды. Сонымен қатар, аллергия кезінде балық, ірімшік, шұжық, кептірілген тағамдар, көкөністерді жеуді шектеген дұрыс. 

Н. Үсенова