Дәрігер жатыры жоқ әйелдерге кеңес берді

Дәрігер жатыры жоқ әйелдерге кеңес берді
Фото: ru.freepik.com

Невролог және нутрициолог Ұлжалғас Сманова өзінің инстаграм парақшасында жатыры жоқ әйелдерге не істеуге болмайтынын айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

"Мен әйел адамдарды ешқашан жатыры бар, жатыры жоқ деп бөлмеймін. Барлық әйелге қойылатын талап пен күтіну ережелері ортақ", - деп жазды дәрігер.

Әйел адамның жатыры түрлі себептермен алынады. Көпшілікті "жатыры алынған әйел тез қартая ма" деген сұрақ мазалайды.

"Жатырсыз әйел өзінің әйелдігін жоғалтпайды. Жатырсыз да өмір жалғасады, тек гормонға тауелділік, етеккір келмеу, бала көтермеу секілді процестер орын алады. Осының бәрін кабылдап, дайын болған әйел адам ғана өзін жеңіп, денсаулығын нығайтады. Жатыры алынғаннан әйелге бұрынғыдан да жақсы күтім керек. Психологиялық та, физикалық жағынан да өзіңізді қадағалап отырғаныңыз абзал", - деп жазды Ұлжалғас Сманова.

Дәрігер мына жағдайларда қартаю процесі жылдам жүретінін айтты:

  • Жатыры алынғанын қабылдамай, жиі депрессияға, стресске түсе берсе;
  • Дәрігер айтқан гормондарды, дәрумендерді ішпесе;
  • Дұрыс тамақтанбаса;
  • Органдардың жұмысына мән бермесе (бауыр, өт, асқазан, ішек жолдары және т.6.);
  • Артық салмақтан арылмаса;
  • Зиянды әдеттерге бейім болса (темекі шегу, алкоголь ішу).

Сондай-ақ дәрігер жатыры жоқ әйелдерге ауыр көтеруге болмайтынын ескертті.

"Жатыры жоқ әйелдерге 3 кг-нан артық ауырлықты көтеруге болмайды. Олар дәрігер тағайындаған арнайы гормондарды қабылдап журуі қажет. Сонымен қатар салмақ қосуға болмайды. Себебі артық салмақ қынаптың түсуіне әкелуі мүмкін. Арнайы диета ұстанғаны жөн. Майлы, қуырылған тағамдардан, қара шайдан бас тартқаны абзал. 3-6 ай сайын гинеколог маманына тексеріліп отырғаны өзіне жақсы", - деп кеңес берді ол.

Оқи отырыңыз: Етеккір кезінде не істеуге болмайды? Дәрігер жауабы

А. Жапатова