Адамдардың сізді құрметтемейтінінің 7 белгісі

Адамдардың сізді құрметтемейтінінің 7 белгісі
Фото: ru.freepik.com

Өзара құрмет – айналадағылармен үйлесімді қарым-қатынас сақтауға көмектесетін негізгі принциптердің бірі. Алайда кейде сізде "олар мені құрметтемейді ме әлде мен әр нәрсені жүрегіме жақын қабылдаймын ба" деген сұрақ туындауы мүмкін. Егер күмән туындаса, мына белгілерге мән беріңіз. Психолог Наталья Зенцова адамдардың сізді құрметтемейтінін білдіретін 7 белгіні ұсынды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "Доктор Питер" порталына сілтеме жасап.

Сіздің пікіріңізді елемейді

"Егер әркез сіз қандай да бір тақырыпқа қатысты өз ойыңызды айтсаңыз және идея ұсынсаңыз, сіздің сөзіңізге ешкім құлақ аспаса және айналадағылар сіздің пікіріңізге мән бермей, өз істерін талқылауды жалғастырса, бұл құрмет жетіспеушілігінің айқын белгісі", - дейді психолог.

Сіздің сөзіңізді үнемі бөле береді

Егер әңгімеңізді үнемі бөле берсе, бұл құрметсіздіктің бір бегісі болуы мүмкін.

"Әңгімелесуші сіздің пікіріңізді бағаламайды және оған қажет назар аудармайды. Немесе олар өздерінің көзқарасын маңыздырақ немесе қызықтырақ санағандықтан, сіздің айтып жатқаныңызды соңына дейін тыңдағысы келмейді.

Алайда біреудің сөзін бөле беретін адам тәрбиесіз болуы және мұндай әрекеттің дұрыс емес екенін түсінбеуі мүмкін. Кейде адамдар қатты асығыс болғанда біреудің сөзін бөлуге мәжбүр болады, мұндай кезде ол адам жайлы асығыс шешім қабылдаудың қажеті жоқ. Бірақ егер ол сіздің сөзіңізді үнемі бөле берсе және сізге пікіріңізді немесе идеяңызды айтуға мүмкіндік бермесе, бұдан оның сізді құрметтемейтінін түсінуге болады", - дейді маман.

Жеке кеңістікті бұзады

Кей адамдардың сізді құрметтемейтінін оның сіздің жеке кеңістігіңізге деген қарым-қатынасынан байқауға болады.

"Мысалы, ол сіздің жұмыс үстеліңізге ескертусіз отырып алады, яғни ол сіздің жеке шекараңызды ескермейді", - деп түсіндірді психолог.

Сізбен ақылдаспайды

"Егер айналаңыздағы адамдар сізден көмек немесе кеңес сұрамаса, сізді маңызды сұрақтарды немесе проблемаларды талқылауға шақырмаса, бұл да құрметтің жоқтығын білдіруі мүмкін", - дейді маман.

Сізді үнемі сынайды және сізге тіл тигізеді

Басқалардың үнемі сіздің қателіктеріңіз жайлы айтуы, сізді мазақ етуі немесе сізбен дөрекі сөйлесуі – бұл олардың сізді құрметтемеуінің белгісі.

Сізді кештерге шақырмайды

Әріптестеріңіз бір-бірлерімен кездеседі, бір-бірлерін қонаққа шақырады, бірақ сізді қоспайды.

"Айналаңыздағы адамдар уақытты сізсіз өткізуді қаласа, бұл да құрметтің жоқтығын білдіреді", - дейді Наталья Зенцова.

Сізді жұмыста көптен бері көтермеді

Әріптестеріңіз көтеріліп жатыр, қызықты жобалармен жұмыс істеп жатыр, ал сіз бірнеше жыл қатарынан кәсіби тұрғыда дамуға мүмкіндігіңіз жоқ және бір орында отырсыз. Бұл сіздің компаниядағы бағалы және құрметті қызметкер емес екеніңізді білдіруі мүмкін.

"Бұл жалпы белгілер ғана, ал әр жағдай жеке анализді қажет етеді. Бірақ егер бұл белгілердің бірнешеуін айналаңыздан байқасаңыз, оны қалай өзгертуге болатыны жайлы ойлану керек", - дейді психолог.

Сізді құрметтемесе не істеу керек?

Адам оны достары, туыстары немесе әріптестері құрметтемейтінін байқаса, бұл оның өзін-өзі бағалауына және көңіл күйіне жағымсыз әсер етеді. Бірақ өзіңізді кінәлай берудің орнына жағдайды өзгертуге көмектесетін нақты қадамдар жасау керек.

1-қадам: өз әрекетіңізге қараңыз. Құрметтеу – бұл екі жақты процесс. Сондықтан егер басқалар сізді құрметтемейтінін байқасаңыз, өз әрекетіңізге анализ жасаңыз. Басқаларды құрметтеңіз. Көбіне адам өз әрекеттерін өзгерткен кезде оған деген айналадағылардың көзқарасы өзгереді.

2-қадам: өзін-өзі бағалауды арттырыңыз.

3-қадам: айналадағылармен сөйлесіңіз. Егер әрекетіңізді өзгертсеңіз де, айналадағылардан құрметсіздік байқасаңыз, олармен сол жайлы ашық сөйлесіңіз. Мысалы, үнемі сөзіңізді бөле беретін адамға сөзіңізді аяқтауға мүмкіндік беруін сұраңыз. Сондай-ақ басқалардан сізді не үшін құрметтемейтіндерін түсіндіріп берулерін сұраңыз. Олардың жауаптары сіз үшін күтпеген және жағымсыз болуы мүмкін екеніне дайын болыңыз. Бірақ бұл сіздің жағдайға басқаша қарауыңызға және оны өзгертуіңізге көмектесуі мүмкін.

4-қадам: Араласатын ортаңызға мән беріңіз. Ортаңызды өзгерту жайлы ойланып көріңіз. Сізді құрметтейтін және бағалайтын жаңа адамдармен араласу өз-өзіңізді бағалауыңызды арттырып, сізге жағымды сезімдер сыйлайды.

5-қадам: өзіңізді дамытыңыз.

Оқи отырыңыз: Өзіне сенімсіз әйелдің 5 белгісі

А. Жапатова