Дәрігер дене қызуын қалай дәрісіз түсіруге болатынын айтты

Дәрігер дене қызуын қалай дәрісіз түсіруге болатынын айтты
Фото: ru.freepik.com

Егер кенеттен температураңыз көтеріліп кетсе, дәрі ішуге асықпаңыз. Біріншіден, сіз ағзаның өздігінен күресуіне кедергі жасайсыз. Екіншіден, жоғары температурадан дәрісіз арылудың жолдары бар. Бұл жайлы терапевт Алексей Жито Doctorpiter порталына айтып берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Температура көтерлігенде, әсіресе, ол қатты жоғары болмаса, бірден дәрі көмегіне жүгінудің қажеті жоқ. Бірақ оған шыдауға да болмайды. Себебі әдетте жоғары температураға әлсіздік, бас және бұлшықеттер ауыруы қосылады. Дәрігер алдымен мына әдістерді байқап көруге кеңес берді.

1. Сұйықтық көп ішу

Жоғары температура кезінде ағза судың көп мөлшерін жоғалтады, сондықтан адам ағзасының сусыздану қаупі бар. Бұл оның жағдайын одан сайын ушықтырады. Сол үшін сұйықтық орнын толтыру керек.

Бұл мақсатта жылы шай, сорпа, қайнаған су немесе табиғи шырындар ішкен дұрыс. Оларды аз-аздан ішіңіз және сусынды қасыңызға әкеліп қойыңыз.

2. Суық компресс жасау

Кішкентай сүлгіні суық суға салып, сығып, маңдайыңызға қойыңыз. Бірақ оны ұзақ ұстауға болмайды, максимум 15-20 минут ұстау керек.

"Мұндай компрестерді әр үш сағат сайын жасауға болады. Арнайы салқындататын гельдерді де қолдануға болады", - дейді Алексей Жито.

3. Бөлмені желдету

Бөлменің ішінде таза және суық ауа болуы керек, сондықтан жүйелі түрде желдетуді ұмытпаңыз. Мұндай әдіс өзіңізді жылдам жақсы сезінуге көмектеседі. Бірақ салқын желдің астында отырып қалмаңыз.

Сондай-ақ дене қызып кетпеуі керек, сондықтан үстіңізге жеңіл киім киіп алыңыз және қалың көрпенің астына жатпаңыз.

4. Ұзақ ұйықтау

Ауырып қалдыңыз, бірақ жұмыс жасауды, үй шаруаларын істеуді немесе басқа да белсенділікпен айналысуды жалғастырсаңыз, бұл жақсы нәрсеге әкелмейді. Көбірек демалу керек, әсіресе ұйықтау қажет.

Сондықтан жұмыстан демалыс алуға тырысыңыз, қанша ұйықтағыңыз келеді, сонша ұйықтаңыз. Сол кезде температураңыздың қалыпқа келгенін, басыңыздың ауырғаны кеткенін байқайсыз.

Ескерту: бұл әдістер температураны уақытша түсіруге көмектеседі, бірақ аурудан арылтпайды. Егер ауру белгілері сақталса немесе асқынып жатса, міндетті түрде жедел жәрдем шақыру керек.

"Егер компресс пен ұйқы көмектеспесе, қызу түсіретін дәрі ішіп алыңыз. Бірақ оны көп ішпеңіз және нұсқама бойынша ғана пайдаланыңыз. Негізі дәрі мөлшерін дәрігер науқастың ерекшелігіне қарай жазып береді. Әлсіз топтағы науқастар, мысалы, жүктілер, қарт кісілер, балалар, созылмалы аурулары бар адамдар хал-жағдайын мұқият бақылау керек", - деді дәрігер.

Оқи отырыңыз: Дене қызуын градусниксіз қалай анықтауға болады?

А. Жапатова