Дене қызуын градусниксіз қалай анықтауға болады?

Дене қызуын градусниксіз қалай анықтауға болады?
Фото: ru.freepik.com

Дене қызуын градустың оннан бір бөлігіне дейін дәлдікпен өлшеу арнайы құралсыз мүмкін емес. Тіпті, кейде үйдегі термометрлер де қателеседі. Бірақ, әдетте, бұл жағдайда жоғары дәлдік қажет емес. Көп жағдайда дене қызуының көтерілгенін (38°С градустан жоғары) немесе көтерілмегенін анықтау жеткілікті. Қол астында градусник болмай қалғанда дене қызуын қалай анықтауға болады? Бұл жағдайда көмектесетін 5 әдісті ұсынамыз. Бұл әдістер сенімді емес, бірақ уақытша термометрді алмастыра алады.

1. Маңдайды ұстап қараңыз

Дене қызуы көтерілген кезде маңдай ыстық болады. Бірақ өзіңіздікін тексермеңіз. Себебі сіздің қолыңыз ыстық болып, оны сезбей қалуыңыз мүмкін. Алақанның сыртқы жағын қолданыңыз.

2. Кеуде тұсын немесе арқаны ұстап қараңыз

Егер адамның кеуде тұсы мен арқасы ыстық болса, оның дене қызуы көтерілгенін білдіруі мүмкін. Бұл кезде де алақанның ішкі жағымен емес, сыртқы жағымен тексеріңіз.

3. Бет реңкіне мән беріңіз

Дәрігерлер науқас бетінің қызарып тұруын да назарға алады. Бірақ адам тыныштық күйде болса ғана оның бет түсіне мән беруге болады. Әйтпесе, қозғалыстағы адамның бетінің қызаруы қалыпты жағдай.

4. Тамыр соғысын санаңыз

Қалыпты жағдайда ересектердің жүрек соғысының жиілігі  – минутына 60-100 соғыс. Бұл 10 жастан асқан балаларға да қатысты. Ал мектеп жасына дейінгі балаларда қалыпты жағдайда 120-дан, ал сәбилердікі - 160 соғыстан аспауы керек. Дене қызуы көтерілген кезде жүрек жылдам соғады. Қалыптыдан жоғары әрбір 8-10 жүрек соғысы дене температурасының бір гардусқа көтерілгенін көрсетуі мүмкін.

5. Хал-жағдайын бақылаңыз

Дене температурасы көтерілген адамда мына белгілердің бірнешеуі болуы мүмкін:

- Адам ыстықтап жатқанын айтады;
- Денесі ыстық болса да, дірілдеп, тоңып жатқанын айтады;
- Әлсіз бола түседі және ұйқысы келуі мүмкін;
- Дене қызуы көтерілген адамның терісі жабысқақ және ылғал болады;
- Адам өзінің хал-жағдайын түсіндіре алмайды, бірдеңе дұрыс емес екенін айтады;
- Жүрегі айнуы мүмкін;
- Басы ауырады.

Ескерту: Дене қызуының көтерілуі көптеген қауіпті аурулардың бір белгісі бола алады. Сондықтан дәрігерге көрінуді ұмытпаңыз.

А. Жапатова