Өз қарым-қатынасыңызды әлеуметтік желідегі "бақытты жұптармен" салыстыруды қалай доғаруға болады?

Өз қарым-қатынасыңызды әлеуметтік желідегі "бақытты жұптармен" салыстыруды қалай доғаруға болады?
Фото: pixabay.com

Адамдар әдетте "мінсіз қарым-қатынас" жайлы ойлаған кезде өзі мен серігінің арасындағы қарым-қатынасты елестетпейді. Олардың ойына керемет үйін, бақытты балаларын және әдемі өмірін көрсететін атақтылар немесе блогерлер келуі мүмкін. Кей адамдар өз қарым-қатынасын басқалармен салыстырып, оны "мінсіз" етемін деп, бұзып алып та жатады. Өз қарым-қатынасыңызды басқалармен салыстыруды қалай доғаруға болады?

Сенімсіздіктің қайдан шыққанын анықтаңыз

Әдетте мұндай әрекет өзіңізге деген сенімсіздіктен пайда болады. Мысалы, оқырмандарыңызды таңғалдыру үшін серігіңізбен түскен әдемі суреттер салғыңыз келеді. Бірақ сізде ондай суреттер жоқ. Бұл сіздің серігіңізбен араңыздың нашар екенін білдірмейді ғой. Алайда сіз басқалардың әдемі суреттерін көресіз де, біз осындай фотосессиялар жасап тұрмаймыз, бізде бірдеңе дұрыс емес секілді деп оған серігіңізді кінәлай бастайсыз. Яғни, проблема екеуіңіздің қарым-қатынасыңызда емес.

Сондайа-қ әдетте, адам өзіне немесе өз өміріне көңілі толмаса, бұл проблеманы қарым-қатынасына итермелеп тастағанды жөн көреді. Сондықтан алдымен өзіңіздің жан-дүниеңізді түсінуге тырысыңыз. Егер проблема қарым-қатынаста емес, өзіңізде екенін түсінсеңіз, өзін-өзі бағалауыңызбен жұмыс істеңіз, өзіңізді және өміріңізді қабылдап үйреніңіз.

"Мінсіз жұптардың" өмірінде не болып жатқанын білмейтініңізді еске түсіріңіз

Мінсіз қарым-қатынас болмайды. Ақша мен сырт келбеттің сізді алдауына жол бермеңіз. Тіпті, ең бай, тартымды, күлімдеген жұптардың өздерінде түрлі жағдай мен проблема болады. Олар серігімен қалай ұрысқандарын немесе асүйінің шашылып жатқанын көпшілік назарына сала бермейді. Олар да тек бақытты сәттерін салғысы келеді.

Бұл сіздің достарыңызға да қатысты. Олармен бірге қаншалықты көп уақыт өткізсеңіз де, олардың жеке проблемаларының көлемін біле алмайсыз. Сондықтан өз қарым-қатынасыңызды басқаларға қарап бағалау дұрыс емес. Әрине, басқалардың қарым-қатынасындағы барлық нәрсені ойша жоққа шығарудың қажеті жоқ, жай біз адам екенімізді және бәріміздің артықшылықтарымыз секілді кемшіліктеріміз де бар екенін ұмытпау керек.

Барыңызды бағалап үйреніңіз

Кейде адамдар қандай да бір нәрсеге қол жеткізсе, бақытты боламын деп ойлайды. Алайда шындығында олай болмауы мүмкін. Сондықтан серігіңізді не үшін таңдағаныңызды және оған не үшін алғыс білдіретініңізді ойлаңыз.

Сіз өз қарым-қатынасыңызды басқалардікімен салыстырған кезде сізде жоқ нәрселерге мән бересіз. Сондықтан барыңызға аса мән беру маңызды. Серігіңіздегі ұнайтын нәрселерден тізім жасаңыз, көбірек бірге уақыт өткізіңіздер және бір-бірлеріңізге қошемет сөздер айтыңыздар.

Серігіңізбен сөйлесіңіз

Егер қарым-қатынасыңызға бірдеңе жетіспейтінін сезсеңіз, ол жайлы серігіңізге айтыңыз. Себебі адамның қалаулары уақыт өте өзгеруі мүмкін: мысалы, қарым-қатынасыңыздың бірінші жылы гүлдерге немқұрайлы қарайтын едіңіз, қазір сыйлық ретінде гүл алуға қарсы емес болуыңыз мүмкін. Бақытсыз екеніңізге серігіңізді кінәламай, онымен сөйлесуге тырысыңыз және қалауыңызды ашық айтыңыз.

Оқи отырыңыз: Өзіңізге мына сөздерді ешқашан айтпаңыз

А. Жапатова