Ертең Астанада Darkhan Juzz-ге арналған мурал ашылмақ

Ертең Астанада Darkhan Juzz-ге арналған мурал ашылмақ
Фото: Азат Абыкен

Астанада қайғылы қайтыс болған қазақстандық музыкант Дархан Жүнісбековке арналған муралдың жұмыстары аяқталды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Түрлі-түсті мурал Абай даңғылы, 11 мекен-жайында пайда болды. Жоба эскизін Алматылық дизайнерлер мен суретшілер жасады: Ғалымжан Балсары, Алпамыс Батыр және Дмитрий Сычев. Жобаны суретші Асхат Орынбасаров та қолдады.

"Мурал идеясы Дарханды самурай ретінде көрсетеді, бірақ қолында қарудың орнына жанкүйерлерінің жүрегін ашқан гитара болады. Бейнені қоршап тұрған дөңгелек шаңырақ және әлем символы", - деп жазылған жобаның ашылуына арналған релизде.

Дарханның досы қазақстандық продюсер Азат Абыкен Tengri Life-ке муралды не үшін Алматыда емес, Астанада салуды жөн көргендерін айтып берді.

"Оны астанамызда салуды шештік, себебі ойымызда Алматыда Дарханға арналған ескерткіш ашу болды. Менің білуімше, кішкене қиындықтар туындаған: ескерткіш салуға рұқсатты адам қайтыс болғаннан кейін бес жыл өткен соң ғана алуға болады. Бірақ бұл процесті жылдамдатуға болады деп ойлаймыз", - деді ол.

Сурет: Азат Абыкен

 

Азаттың айтуынша, Астана әкімдігі бұл муралды салуды қолдаған.

"Бұл жерді таңдаған себебіміз – ол жанданған жер. Бұл жерде жастар көп жүреді. Біз өсіп келе жатқан ұрпақ Дарханды және оның еліміздің музыка тарихына қосқан үлесі жайлы білу керек деп ойлаймыз. Бастапқыда муралды жағалауға салуды жоспарладық, бірақ ол жақтан сәйкес жер таппадық. Сондықтан одан алыс емес жерді, осы үйді таңдадық. Жобаны суретшілердің де қолдағаны қуантады. Бояуға және басқа да нәрселерге қажет шығынды Дарханның достары өтеді", - деді Азат.

Муралдың ресми ашылуы ертең, 8 қыркүйекте болады.

Еске салайық, 24 ақпанда Darkhan Juzz лақап атымен танылған әнші Дархан Жүнісбеков қайтыс болды.

Сыртқы істер министрлігінің өкілдері әнші Дархан Жүнісбеков Таиландта жалға алған мопедімен жол апатына түсіп мерт болғанын растады.

24 ақпанда Арбатқа қазақстандық музыкантпен қоштасуға жүздеген жас жиналды. Олар марқұмның әндерін хормен айтты.

Қазақстандық õzen лейблі Дархан Жүнісбековтің жазып үлгермеген альбомы бар екенін және оны міндетті түрде жарыққа шығаратынын хабарлады.

А. Жапатова