Неліктен адамдар көбіне жақындарын ренжітеді?

Неліктен адамдар көбіне жақындарын ренжітеді?
Фото: Ернар Алмабек

Адамдар жиі өздері жақсы көретін жандарды немесе жақындарын ренжітеді. Кейде ашуын басқадан емес, жақынынан алады: шын мәнінде олай ойламаса да, ашу үстінде ренжіткіш сөздер айтып қалады. Оның себебі неде?

Ол жақынына сенеді

Адамдар бір-біріне жақын болғандықтан және сенгендіктен, олар өздерін еркін сезінеді. Олар өздерін қалай бар солай қабылдайтынын біледі. Сол үшін де олар жақындарына немесе сүйіктілеріне не айтып жатқанын байқамауы да мүмкін. Бірақ үнемі жеке шекараны сақтамау және өз-өзіңізді ұстай алмау жақсы көретін адамдарыңызға зиян келтіруі мүмкін. Тіпті, кейін кешірім сұрасаңыз да, сіздің ойланбастан айта салған сөзіңіз ол адамның көңіліне тиюі мүмкін.

Ол қызбалыққа салынады

Егер адамның мінезі қызба болса, ол жақын адамдарын жиі ренжітеді. Себебі ол бірінші бірдеңе айтады немесе жасайды, содан соң ғана өз әрекетінің салдары жайлы ойланады. Оның бұл әрекеті әдетке айналып кеткен. Бұл әдеттен арылуға тырысу керек, себебі ол өзіңізге зиян келтіреді: адамдар сізден алшақтай бастайды, үнемі әрекеттеріңіз үшін өкінетін боласыз және бұл көңіл күйіңізге әсер етпей қоймайды.

Ол үшін басқалардың ойы маңыздырақ

Көпшілік "басқалар не ойлайды" принципімен өмір сүреді. Өзіне қатты жақын болмаса да басқаның жағдайын жасайды, ал өзінің шынымен де жақын адамын "ысырып" қояды. Басқаға жауап қайтаруға қысылады, ал жақынына "ауыр" сөздер айтып тастайды. Себебі ол жақын адамы оны түсінетініне және әркез кешіретініне сенімді. Алайда жақындарыңызға үнемі осындай қатынас жасайтын болсаңыз, араларыңыздың суып кетуі әбден мүмкін. Басқалардың ойын бақылай алмайсыз, сіз қанша тырыссаңыз да, олар сізден бір мін тауып алуы мүмкін. Ал жақындарыңыз сізді әрдайым қолдайды және әрқашан сізбен бірге болады. 

Сүйікті адамның жанын жаралайтын сөздер

Ол бауыр басып қалудан қорқады

Кей адамдар біреумен кездесуге келіседі, бірақ серігіне ашылуға, өзін жақсы тануға мүмкіндік беруге қорқады. Негізінде ол жақындарының қасында болғысы келеді, бірақ әлсіз болудан қорқады және оларға толықтай сене алмайды. Сондықтан айналасындағыларды ренжітеді және оларды өзінен алшақ ұстайды.

Ол жақындарына жоғары талап қояды

Кей адамдар жақындарына басқаларға қарағанда жоғары талаптар қояды. Олар жақсы көретін адамдарын мінсіз еткісі келеді. Сондықтан да олар жақындарына сыншыл келеді. Адамдар сүйіктілеріне көптеген рөл беріп қояды және олардан соның орындалуын күтеді, тіпті, талап етеді. Ал олардың бұл әрекеті жақындарын ренжітеді.

Ол басқалардың сезімдері мен эмоцияларын анықтай алмайды

Егер адам эмпатияға ие болмаса, яғни басқаның сезімдерін тани алмаса және оған ортақтаса алмаса, ол жақындарын жиі ренжітуі мүмкін. Таныстарымен қарым-қатынас кезінде оның бұл мінезі байқалмауы мүмкін. Бірақ достары немесе туыстарына келгенде бұл жиі ренішке және түсініспеушілікке әкеледі. Алайда эмпатияны дамытуға болады. Бұл жақсы көретін адамдарыңызды ренжітпеуге көмектеседі. Ол үшін жақындарыңызды тыңдап үйреніңіз, әңгімелесу кезінде нақтылаушы сұрақтар қойыңыз. Сондай-ақ эмоциялар жайлы көбірек зерттеңіз.

Сізге шын ғашық болуға кедергі келтіретін 5 нәрсе

А. Жапатова