"Мұндай адам көп". Заңгер Төреғали Төреәлінің қамаудан соң рөлде отырғанына қатысты тараған қауесетке пікір білдірді

"Мұндай адам көп". Заңгер Төреғали Төреәлінің қамаудан соң рөлде отырғанына қатысты тараған қауесетке пікір білдірді
Фото: instagram.com/toregali_tolkyn.fc

Заңгер Дүйсенғали Мұхамедияр Төреғали Төреәлі ісіне қатысты пікір білдірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Бұл туралы ол Instagram-парақшасында бөлісті. Заңгердің айтуынша, мас күйде екінші рет көлік тізгіндеген адам көп, олар заңды ойыншық сияқты көруі мүмкін.  

"Төреғали жүр ма, қамақта отыр ма, білмеймін. Бірақ мұндай адам (правосынан пәленбай жылға айырылса да, көлік айдай беретін) өте көп! Талайын көзбен көріп жүрміз… Себебі жол қауіп­сіздігін қамтамасыз ете­тін заңда: "Рөл­ге масаң күйінде екінші рет оты­ратындардың көлік құ­­ралдары тәркіленеді не мынанша уақытқа бас бостандығынан айырылады" деп жазылмаған соң, кейбіреулер мұн­дай заңды ойыншық сияқты кө­руі мүмкін. Өйткені жүр­гізу­шілік куәліктен қа­ғылу "жұтуды" ұна­та­тын кей жүр­гі­зу­шіге онша әсер етіп тұрған жоқ. Полицияның биылдың өзінде мыңдаған екінші рет мас күйін­де көлік жүргізген жүргізушіні ұста­ғаны - соның айғағы. Ен­деше, ішуді жақсы көретіндердің заңның "жұмсақ талабын" ал­дағы уақытта да бұза беруі әбден ықтимал", - дейді заңгер. 

Дүйсенғали Мұхамедияр мас күйде көлікке отыратындарды қатаң сынады. 

"Демек, бұндай "батырлар" айып­пұлды төлеп тастап немесе 5 жылға бас бостандығы шек­­­телсе де, тіпті өмір бойы кө­лік жүргізу құқығынан айы­рыл­са да, арындап тұрған көлігін айдап жүре бермесіне еш ке­піл­дік жоқ. Өйткені жүр­гі­зу­шілік куәліктің жоқ­тығы оларға кедергі емес. Себебі қа­зір полиция оның бар-жоғын тексермейтін де болды. Егер көлік жүргізу құқығынан бел­гілі мерзімге айырылған адам қатаң заң талабынан жасқанатын болса, екінші рет рөл­ге "жұтып алып" отырмас еді. Ал ішіп алып көлік айдайтын адамның талай адамды қағып, талай отбасын ойрандатып кетпеуіне кім кепіл? Әлде олар ірі жол-кө­лік апатын жасап, адам өлтіріп, түрмеге тоғы­тылғанша жүре берулеріне жол беруіміз қажет пе?" - деп жазған ол. 

3 шілдеде танымал әнші Төреғали Төреәлі жол ережесін бұзғаны үшін тағы бір жаза алды. Сот мәліметінше, әнші жолдағы қос тұтас сызықты кесіп бұрылғаны және полиция қызметкерінің талабына бағынбағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Сот орындаушыны 15 тәулікке әкімшілік қамауға алып, 6 ай мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айырды.

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

Айта кетейік, ӘҚБтК-нің 667-бабында 30 АЕК (103 500 теңге) айыппұл немесе 15 тәулікке қамауға алу, ал 596-бабы бойынша 6 айға көлік жүргізу құқынан айыру көзделген.

Еске салайық, бұған дейін Алматыда танымал әнші Төреғали Төреәлі ұсталған видео тараған еді. 

Алматының полиция департаменті мәліметінше, 14 маусымда Майлин көшесінің бойында, солтүстік бағытта, жергілікті полиция қызметінің мамандандырылған батальонының экипажы 1992 жылы туған А. (Уикипедиядағы мәлімет бойынша, Төреғали Төреәлінің тегі - Әлиханов) есімді азаматтың басқаруындағы Lexus автокөлігін тоқтатқан.

"Жүргізушінің мінез-құлқы өрескел болып көрінді: ол агрессив болды, полицияның заңды талаптарына бағынбады, тұрақта тұрған Chevrolet көлігіне зақым келтіріп, ұсталған орнынан қашып кетпек болды.

Құқықбұзушының жолы бұғатталды. Патрульдік полиция қызметкерлері оны ұстап, медициналық тексеріске алып барды. Сараптама нәтижесінде А. есімді азаматтың есірткіге мас екені белгілі болды", - делінген полиция хабарламасында.

Полиция Төреғали Төреәлінің ұсталған сәті анық көрінетін видеоны жариялады. Кейін Қазнетте Төреғали Төреәлі Алматыда Land Cruiser айдап жүргені туралы хабар тарады.

Қамауда отырған Төреғали Төреәлі Алматыда көлік айдап жүргені рас па?

Алматының Полиция департаменті өкілдері бұл ақпаратқа қатысты түсінік берді. 

"Бұл - жалған ақпарат, яғни шындыққа жанаспайды. Әртіс Алматы полиция департаментінің әкімшілік-қамауға алынған тұлғаларға арналған арнайы қабылдау бөлмесінде әкімшілік қамауды өтеуді жалғастырып жатыр", - дейді тәртіп сақшылары. 

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

С. Бөлек