Деректерді растап, өкінетінін айтқан: Төреғали Төреәлі тағы бір жаза алды

Деректерді растап, өкінетінін айтқан: Төреғали Төреәлі тағы бір жаза алды
Фото: instagram.com/toregalitoreali

Танымал әнші Төреғали Төреәлі жол ережесін бұзғаны үшін тағы бір жаза алды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Алматы сотына сілтеме жасап.

Сот мәліметінше, әнші жолдағы қос тұтас сызықты кесіп бұрылғаны және полиция қызметкерінің талабына бағынбағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

"Алматының Әкімшілік құқық бұзушылық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты Ә.-ге (Әлиханов - тегі, Төреғали Төреәлі. - еск.) қатысты әкімшілік істі қарады. Сот 14 маусымда Ә. Алматы көшелерімен көлікте келе жатып, қос тұтас сызықты кесіп өтіп, бұрылып, полиция қызметкерлерінің заңды талаптарына бағынбаған.

Сот отырысында Ә. іс материалдарында баяндалған деректерді растады және өкінетінін айтты.
Ә. ӘҚБтК-нің 596-бабы 3-бөлігінде "Жол таңбасының қос тұтас сызығы арқылы бұрылу" және ӘҚБтК-нің 667-бабы 1-бөлігінде "Полиция қызметкерлерінің заңды талабына бағынбау" көзделген әкімшілік құқық бұзушылықтар жасағаны үшін сот қаулысымен кінәлі деп танылды", - делінген сотта.

Сот орындаушыны 15 тәулікке әкімшілік қамауға алып, 6 ай мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айырды.

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

Айта кетейік, ӘҚБтК-нің 667-бабында 30 АЕК (103 500 теңге) айыппұл немесе 15 тәулікке қамауға алу, ал 596-бабы бойынша 6 айға көлік жүргізу құқынан айыру көзделген.

Еске салайық, бұған дейін Алматыда танымал әнші Төреғали Төреәлі ұсталған видео тараған еді. 

Алматының полиция департаменті мәліметінше, 14 маусымда Майлин көшесінің бойында, солтүстік бағытта, жергілікті полиция қызметінің мамандандырылған батальонының экипажы 1992 жылы туған А. (Уикипедиядағы мәлімет бойынша, Төреғали Төреәлінің тегі - Әлиханов) есімді азаматтың басқаруындағы Lexus автокөлігін тоқтатқан.

"Жүргізушінің мінез-құлқы өрескел болып көрінді: ол агрессив болды, полицияның заңды талаптарына бағынбады, тұрақта тұрған Chevrolet көлігіне зақым келтіріп, ұсталған орнынан қашып кетпек болды.

Құқықбұзушының жолы бұғатталды. Патрульдік полиция қызметкерлері оны ұстап, медициналық тексеріске алып барды. Сараптама нәтижесінде А. есімді азаматтың есірткіге мас екені белгілі болды", - делінген полиция хабарламасында.

Кейін полиция Төреғали Төреәлінің ұсталған сәті анық көрінетін видеоны жариялады.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Д. Шәріпхан