Видеографтан бортсерікке дейін: Катарда жұмыс істейтін қазақстандық жігіт сұхбат берді

Қазақстанда немесе шетелде бортсерік қызметін атқарып жүрген қыздар әлеуметтік желі арқылы көпшілікке етене таныс. Ал бортсерік жігіттер туралы көбі біле бермейді.

Бүгінде Катар мемлекетінде бортсерік болып жүрген Дастан Кәкімжан Massaget.kz тілшісіне жұмысы туралы әңгімелеп берді.

Видеографтан бортсерікке дейін

22 жастағы Дастан Кәкімжан - Астана қаласының тумасы. Ол авиация саласына кездейсоқ келгенін жасырмады.

"Бұл кездейсоқ болды, 2 жыл бұрын видеограф болып жұмыс істеп жүрген кезде интернеттен жарнама көріп қалдым. FlyArystan компаниясының бортсеріктер қатарына қабылдауы жүріп жатыр екен. Түйіндеме жіберіп, сұхбаттан сәтті өтіп, авиацияға келдім", - дейді ол.

Дастанның негізгі мамандығы ақпараттық технология саласына қатысты.

"Негізгі мамандығым - IT саласы. Астана қаласындағы политехникалық колледжде оқыдым. Ал бакалаврды Астанадағы Тұран университетінде бітірдім", - дейді қазақстандық.

Ал Катар мемлекетіндегі жұмысы - Дастан Кәкімжанның шетелдегі бірінші жұмысы.

"Бұл - менің шет елдегі бірінші тәжірибем. Бұған дейін FlyArystan әуе компаниясында бір жылға жуық жұмыс істедім", - дейді ол.

"Әлемдік Топ-3 компанияға түйіндеме жібердім"

Қазақстандық компанияда тәжірибе жинақтаған Дастан әлемнің ең мықты әуекомпанияларында жұмыс істеу үшін бағын сынап көрген. Мұндай мүмкіндікті оған Qatar Аirways компаниясы берген. 

qatarairways.com

"Нақты Катарды таңдау ойымда болған жоқ. FlyArystan компаниясында ұшып жүргенде, шет елдік компанияларға қызыға бастадым. Әлемнің Топ-3 компаниясына өтініш жібердім, оның екеуі шақырды (Fly Emirates пен Qatar Аirways). Бірақ Fly Emirates-тің сұхбатынан өте алмай қалдым", - дейді ол шетелдегі жұмысы туралы.

Жеке мұрағаттан

Бортсерік Qatar Аirways-ке қалай қабылданғанын да әңгімелеп берді.

"Qatar Airways компаниясының сайтына түйіндеме жібердім. Бірнеше аптадан кейін Астана қаласында болатын сұхбатқа шақырту келді. Іріктеу бірнеше кезеңнен тұрды. Сұхбатқа өте жеңіл сезіммен бардым. Бәлкім соның арқасында еш уайымдамай, соңғы кезеңге дейін жеттім. Сұхбаттан кейін 1-2 айдай онлайн сұраған құжаттарын жіберіп, соңғы шешімді күтіп жүрдім. Солай желтоқсанда "қабылдандыңыз" деген хабарлама келді", - деді ол.

Дастанның айтуынша, Катардағы жалақысы Қазақстанға қарағанда әлдеқайда көп. Одан бөлек бірнеше елді көруге мүмкіндік туған.

"Жұмыс бабымен 3 айда мына қалаларды көруді бұйырды - Франкфурт, Джакарта, Пхукет, Лондон, Манчестер, Занзибар, Мельбурн, Мальдив. Бортсеріктің өмірі туралы айтатын болсақ, өте қызық лайф-стайл, кеше Лондон, бүгін Мальдив, ертен тағы да бір басқа қала. Әр күн жаңа тәжірибе, жаңа адамдар, жаңа қалалар. Саяхаттағаныңыз үшін ақша төленетін жұмыстардың бірі", - дейді ол.

"Доханың әуежайы сағат сияқты жұмыс істейді"

Бүгінде шетелдік компанияда жұмыс істеп жүрген қазақстандық Катар мемлекеті, оның ерекшелігі туралы да әңгімеледі.

"Күн ыстық. Қысы-жазы ауа райы бірқалыпты. Жалпы мемлекет туралы айтатын болсақ, өте қауіпсіз. Қылмыс жағынан көрсеткіштері төмен, тіпті 0-де шығар. Кез келген уақытта еш уайымдамай көшеде жүре беруге болады", - деді Дастан Кәкімжан.

Оның сөзінше, қазақстандық әуекомпаниялардың әлемдік алпауыттардан үйренері бар.

"Компания туралы (Qatar Аirways - еск.) айтатын болсақ, өте қарқынды дамып келе жатқан, әлемдегі ең мықты әуе компанияларының қатарына кіреді. Жұмыс процесі, сервисі - барлығы жоғары дәрежеде, халықаралық компания екені бірден байқалады. Ал Доха қаласының әуежайы сағат сияқты жұмыс істейді, күніне қаншама ұшақ ұшып-қонып жатады, соған қарамастан ешқандай тоқтаусыз, үзіліссіз жұмыс атқарады. Цифрландыру жағынан да өте жоғары деңгейде. Осы жағынан Қазақстанға тәжірибе алған дұрыс деп ойлаймын", - дейді бортсерік.

planetofhotels.com

"Алғашында ағылшын тілінен қиналдым"

Дастан Кәкімжан алғашында бұл салаға келгенде қандай қиындыққа тап болғанын айтты.

"Бортсерік болуда алғашында ағылшын тілінен сәл қиналдым, кейбір заттарды ұқпай, өз ойымды жеткізгенде кішігірім қиындықтар болды", - дейді ол.

Жеке мұрағаттан

Сондай-ақ, қазақстандық жігіт болашаққа жоспарларын да айтты.

"Әлі де ойланып жүрмін, мүмкін авиация саласында одан әрі дамып, өзімді басқа позицияларда сынап көремін немесе өз кәсібімді ашып дамытамын деген де ойым бар", - деді бортсерік.

Дастан өзі секілді бортсерік болғысы келетіндерге ештеңеден қорықпауға кеңес берді. 

"Ағылшын тілін жақсы меңгеріп, қорықпай әуе компанияларына түйіндеме жіберу қажет. Өз тәжірибемде көп кісіні көрдім, ағылшыны жақсы болса да, барлық параметр бойынша келіп тұрса да, жұмыс жөнінде сұхбатқа баруға қорқады. Солай өз мүмкіндіктерін жіберіп алады", - деп түйіндеді әңгімесін ол.

Еске салайық, бұған дейін Дубайда бортсерік қызметін атқаратын қазақ қызы жұмысы туралы айтқан еді. 

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!