Air Astana-дан Emirates-ке дейін. Дубайда бортсерік қызметін атқаратын қазақ қызы жұмысы туралы айтты

Air Astana-дан Emirates-ке дейін. Дубайда бортсерік қызметін атқаратын қазақ қызы жұмысы туралы айтты
Фото: instagram.com/alimbetovaaa

Жастар арасында сұранысқа ие мамандықтардың бірі - бортсерік. Бұл кәсіптің бірнеше артықшылығы бар - әлем аралау, жаңа адамдармен танысу. Бұл мамандық иелерінің бірі - Аружан Әлімбетова. Ол алдымен Air Astana компаниясында агент болып қызмет етті, кейін бортсерік болды. Ал бір жылдан кейін әлемнің ең мықты әуекомпаниясы Emirates-ке жұмысқа орналасты. Massaget.kz тілшісі бортсерік арумен Дубайдағы өмірі мен жұмысындағы қызық сәттері туралы сұхбаттасты. 

"Суретші, адвокат не депутат болғым келген"

Аружан Әлімбетова Қызылорда облысы Байқоңыр қаласында туып өскен. Мектепті тәмамдаған соң, ол әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде "Аударма ісі" мамандығы бойынша алдымен бакалавр, кейін магистр дәрежесін алады. Ол ағылшын және француз тілдерінде білім алған. Алматыға оқуға түсіп, арман қуып келген Аружан кішкентай кезінде суретші, адвокат не депутат боламын деп армандаған. Бірақ биыл оның өмірі түбегейлі өзгерді. Ол алдыңғы қатарлы, алып компанияға жұмысқа орналасты, кейін шетелге көшіп кетті. Ал Аружан небәрі 24 жаста. 

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от Aru Alimbetova (@alimbetovaaa)

Бүгінде кейіпкеріміз тек стюардесса емес, сонымен қатар, ол - блогер. Оның Instagram-парақшасына 50 мыңнан аса адам тіркелсе, TikTok-та 100 мыңға жуық оқырманы, ал YouTube-тегі арнасын тұрақты түрде 150 мыңға жуық адам қарайды. 

"Жұмыс істеп бастаған алғашқы айда күтпеген оқиға болды"

Аружан Air Astana-ға алғаш келгендегі естелігін бөлісті. Оның айтуынша, жұмысында қызық оқиға көп болатын. 

"Алғаш рет ұшаққа мінгеннен бастап, Air Astana арманыма айналды. Бұл компанияға жұмысқа Байқоңырда үйде отырып, онлайн-интервью арқылы өттім. 1 жыл әуежайда агент болып қызмет еттім, кейін 6 ай бортсерік болып жұмыс істедім. Ұшу, жаңа елдер, ұшақтар қызық болғанымен, агент болған кездегі тәжірибем әлдеқайда есте қаларлықтай болды. Қысқы кезеңдегі рейстердің кешігуі, ауа райына байланысты ұшпай қалған адамдар, неше түрлі тағдыр - мұның барлығы әуежайда сезіледі. Жұмысқа кіргенде алғашқы айда түнгі кезекте отыр едім. Сол кезде күтпеген оқиға болды. Шымкентке ұшып кеткен рейс қайта айналып, Алматыға қонды. 150 шақты адам біздің кеңсеге келмесі бар ма?! Кейбірі қорыққан, басқасы ашулы, барлығына жауап беру, көмек көрсету керек еді. Жұмысымыздың көп уақыты осындай сәттерге толы болатын", - дейді Аружан. 

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от Aru Alimbetova (@alimbetovaaa)

Air Astana-да бір жарым жыл қызмет еткен Аружан бағын сынап, әлемдегі ең ірі әуе компанияларының біріне құжат тапсырып көреді. 

"Emirates әуекомпаниясын бұрын құрбымнан естігенмін. Бортсеріктері қызыл далап жағатынын, ақ орамалдары мен қызыл бас киімдері бар екенін ғана білетінмін. Қаңтарда, олардың Алматы мен Астанаға келіп, жұмысқа қызметкерлер іздеп жатқанын естідім. Соны білген соң түйіндемемді дайындап, сайтқа жіберіп, тәуекел еттім. Көшіп кету, басқа әуекомпанияға ауысу деген жоспарларым болмады, бірақ осылай бұйырған болар. Бір аптадан соң мен Ашық есік күніне шақырту алдым. 30 қаңтар күні 5 кезеңнен тұратын іріктеуден өтіп, ертеңіне жұмысқа шақырту алдым", - деді стюардесса. 

Оның айтуынша, компания жаңа қызметкерлерге ыңғайлы болу үшін барлық керек-жарақты дайындап қойған. Аружан пәтерде керектің бәрі болды дейді. Алғашқы жиынтықтың арасында дәретхана қағазы, кір жууға арналған ұнтақ, тіпті жаңа ыдыс-аяқ болған.  

"Солай бұйырып тұр ғой, көшуім де, жұмысқа тұруым да оңай өтті. Аса қиын болмады. Жаңа компания барлығын дайындап қойған: тұратын үйің, Дубайға билетің, тіпті әуежайда күтіп алып, үйіңе дейін апарады. Қиындық тек көшкен соң басталды. Үйді сағыну, жат ортаға үйренісу, былайша айтқанда, үйреншікті ортамнан шығу. 3-4 күн сайын жылай беретін едім. Тренинг та қиын, барлығы ағылшынша, ақпарат өте көп. Сабақ таңғы 7:15-те басталып, 16:15-те бітеді. Мұндай режимде 2 ай өтті де шықты", - деді ол. 

Аружанның айтуынша, жат елге үйренісіп кетуіне үйін өз талғамына сай әрлеуі, жаңа достармен танысуы, қаланы зерттеуі, күнделікті тұрмыс тіршілігі әсер еткен.

Іріктеуден өтіп, құжат жинап, Дубайға көшуге 1 айдай уақыт кеткен. Кейін 2 ай арнайы тренингтер болған. Аружан Араб әмірліктерінде тұруға үйренісіп кетуіне жарты жыл кеткенін айтады.

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от Aru Alimbetova (@alimbetovaaa)

"Қатал әрі жабық қала болып көрінді"

Аружан бұған дейін Араб әмірлігіне көшу туралы мүлдем ойламағанын айтады. Ол бойында қорқыныш болғанын жасырмады, алайда кейін Дубай да, ел де оған басқа қырынан ашылған.  

"Мен Дубайда не Абу-Дабиде тұрғым келмейтін, сондықтан араб әуекомпанияларында жұмыс істеуді қарастырмай жүрдім. Бұрын соңды барып көрмеген ел болған соң, бұл жер мен үшін қатал әрі жабық болып көрінді. Мұнда көшіп келмес бұрын анам Дубайға қыдырып баруды ұсынды. 1 апта мұнда болдым, бұл қала туралы ойым өзгерді. Ашық есік күніне шақырту Дубайда жүргенде келді. Бұл туралы бірден анама айттым. Ол мені қолдап, тіпті қызығып кетті. Өз көзіммен көрген соң, бұл елге біржола қоныс аудару ешқандай қорқыныш тудырмады", - деді ол. 

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от Aru Alimbetova (@alimbetovaaa)

"22 елде, 4 материкте болып үлгердім"

Бортсерік болып жұмыс істеудің бір артықшылығы - әлем аралау. Түрлі елге барып, мәдениетін, атмосферасын сезіну. Ол қанша елде болып көргенін, қай ел ұнағанын айтты. 

"Бүгінгі таңда 22 елде, 4 материкте болып үлгердім. Өзіме табиғаты әдемі, тыныш әрі алыс жерлер ұнайды. Сондықтан ең қатты ұнаған елдер - Америка Құрама Штаттары, Аустралия. Қытай, Тунис, Аустралия әсем табиғатымен, Индонезия, Таиланд, Малайзия жүзі жылы адамдарымен, ал Франция, Англия, Италия әдемілігімен тартады. Жұмысқа кірердегі мақсатым да сол еді - жаңа елдер көру, түрлі ұлттың мәдениетімен танысу. Орындалды, әлі де орындалып келеді", - дейді Аружан. 

Бортсерік ару әлеуметтік желідегі парақшасында әр сапарынан түйгенін, әр елдегі қызықтарын бөлісіп отырады. 

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от Aru Alimbetova (@alimbetovaaa)

Сондай-ақ, Аружан әр елдің көрікті жерін, оған қанша шығын кететінін де жазып отырады. 

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от Aru Alimbetova (@alimbetovaaa)

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от Aru Alimbetova (@alimbetovaaa)

"Бортсеріктер ешқашан назардан тыс қалмайды"

Аружан бортсерік болып жұмыс істеудің артықшылықтары туралы айтты. 

"Ең алғашқы артықшылығы - жаңа ел көру. Өзіңіз бен отбасыңызға билет алу үшін жеңілдіктер бар. Ата-анаңызға ел көрсету деген арман орындалады. Түрлі жағдайда, түрлі адамдармен жұмыс істеп көресіз. Бұны біреулер қиындық деп санауы мүмкін, ал меніңше, бұл - тұлға болып қалыптасуға әсер ететін жағдай. Әр рейс түрлі болады. Адамдармен жұмыс істеу арқылы эмпатия мен мінез қалыптастыруға болады. Тіпті бір жыл ұшқаннан кейін қалай өзгергеніңізді байқайсыз. Үлкен әуекомпанияларда бортсерік болып жұмыс істеудің тағы бір артықшылығы - жақсы жалақы. Әрине, бедел де бар. Униформа, әуежайда әріптестеріңізбен ұшаққа бара жатқан сәт, жолаушылардың қызыға қарауы! Бортсеріктер ешқашан назардан тыс қалмайды", - дейді ол. 

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от Aru Alimbetova (@alimbetovaaa)

"Жұрт бортсеріктерде уақыт жоқ деп ойлайды..."

Көп адам бортсерік болып жұмыс істесең, жеке өміріңе уақыт тапшы болады деп ойлайды. Алайда Аружан мұны жоққа шығарды. 

"Авиацияда уақыт зымырайды. Рейстен рейске дейін, екі елдің уақытымен жүргенде, кейбір күндер тіпті зулап өтеді, үйге хабарласуға да уақыт таппайсың. Алайда бұл кестеге де үйренісуге болады. Жақындарың саған қарай ыңғайланады. Ұшатын рейс нөмірін алып, қайда екеніңді қарап, "қондыңдар ма?" деп сұрап жүреді. Жұрт бортсеріктерде уақыт жоқ деп ойлайды, алайда бұл - қате пікір. Айына 10-12 күндей демалысымыз бар, бұл - тек Дубайдағы демалыс. Бұдан бөлек, басқа елдерде де өткізетін демалыстарымыз да бар", - дейді бортсерік. 

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от Aru Alimbetova (@alimbetovaaa)

"Көп нәрсеге таңғалмайтын деңгейге жеттім". 

Аружан Әлімбетова бұл жұмыс оның тұлға болып қалыптасуына да әсер еткенін жасырмады. 

 "Бұл жұмыс менің өмірімді өзгертті деуге болады. Қол жеткізе алмай жүрген арман-мақсаттарым тезірек орындала бастады. Өмірімде аяқ басамын деп ойламаған елдерде болу, тіпті атын білмейтін тағамдардан дәм тату, неше түрлі жаңа адамдарды көру - осының барлығы санаңды жетілдіреді. Қазір мен көп нәрсеге таңғалмайтын деңгейге жеттім. Түрлі ұлт, түрлі дәстүр, түрлі ұстаным бар ғой, соны сол қалпы қабылдайсың. Бір сөзбен, әлем адамы бола бастайсың", - дейді Аружан. 

Бортсерік ару ендігі жоспарын бөлісіп, бұл мамандыққа қызығушылық танытқандарға кеңес берді. 

"Авиацияда өмірімнің соңына дейін қалғым келетін-келмейтінін әлі білмеймін. Алайда ұнағанша, жұмысымнан ляззат алғанша осында боларым анық! Авиациядағы ең басты нәрсе - жаңа елдерге, ыңғайлы жағдайға үйреніп, жүре бермеу. Әркім өзін іздегені дұрыс. Қай жұмыста болса да, адамда хобби мен қызығушылықтар болуға тиіс деп ойлаймын. Сондықтан да осы берілген мүмкіндіктерді пайдалана отырып, өзімді де тани беремін", - дейді стюардесса. 

"Ең бастысы - өзіңізге сеніп, арманыңыздан кім не десе де бас тартпау"

Аружан Әлімбетованың айтуынша, ерте жаста авиацияда жұмыс істеуге асықпаған дұрыс. 

"Жасөспірімдерге берер кеңесім: тіл оқыңыздар, 18-19 жаста авиацияға асықпаңыздар. Білім мен тәжірибе жинап, қызмет көрсету саласында жұмыс істеп көріңіздер. Ең бастысы - денсаулықты күту. Өз қалаңыздағы не еліңіздегі әуекомпаниямен шектелмей, шетелдік компанияларды да көрген жөн. Шетелде өмір сүріп көру - өзгеше қызық тәжірибе. Ең бастысы - өзіңізге сеніп, арманыңыздан кім не десе де бас тартпау", - деді ол. 

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от Aru Alimbetova (@alimbetovaaa)

Еске салайық, бұған дейін Аружан Әлімбетова өз жұмысын саяхаттау мүмкіндігі көп болғандықтан бағалайтынын айтқан еді. 

"Басқа жұмыста миллиондап тапсаң да мұндай саяхаттау мүмкіндігі болмайды деп ойлаймын. Ұшу эстетикасы, рейс, әуе жаргоны ұнайды. Ұшу кезінде ұшқыштардың кабинасына кіріп, олардың жағдайын тексеріп кіруге болады. Сол кезде ұшу кабинасынан көрсең көзің тоймас көрініс шығады. Одан бөлек, әуе билеттеріне керемет жеңілдіктер жасалады. Өзің ғана емес, отбасыңмен саяхаттасаң болады", - дейді бортсерік ару. 

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!

С. Бөлек