"Неге мұндайсың?" деп ұрысатынмын". Айдана Меденова дүниеден өткен әкесін еске алды

Өнерден кеткен әнші Айдана Меденова "Сәлем, папа" жобасына берген сұхбатында әкесін есіне түсіріп, көзіне жас алды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Оның айтуынша, әкесі 2022 жылы қайтыс болған.

"Әкем өте мейірімді, сондай ақжарқын, ашық жан еді. Өкінішке қарай, әкем жанымда жоқ, ол 2022 жылы қайтыс болды. Әкемді әлемдегі ең мейірімді адамдардың бірі деп айта аламын. Өйткені біздің туыс, таныс, ортамыздан "ең мейірімді адам кім?" деп сұраса, олар менің әкемді айтатын. Ол айналасындағы адамдардан өзінің көмегі мен ықыласын аямайтын. Ол кісінің табиғаты сондай болды. Қайта мен оған "сен неге соншалық мейірімдісің? Неге өзіңді аямайсың?" деп ұрысатын едім. Ол тіпті өзіне зиян тисе де, басқаларға көмектесетін. Мұндай адамдар дүниеде сирек болады. Менің әкемнің маған бірде-бір рет ұрысып, айғайлағаны есімде жоқ. Әкем секілді адам енді менің өмірімді кездеспейтін, болмайтын шығар.

Ол далада жүретін үй-күйі жоқ мұқтаж жандарды үйге алып келетін. Олар біздің үйде бірге тұратын. Біз Семейде тұрдық, ондағы "дядя Миша, дядя Коля" секілді адамдар үйде жүретін, оларға тамақ беріп, жұмысқа орналастырып, ауырып тұрса, өзі ауруханаға апаратын. Мен кейде таңғалып "қалай танымайтын адамдарды үйге алып келесің? Қалай қорықпайсың?" деп сұрайтынмын. Ол адамдарға қатты сенетін, сондықтан да өмірі сондай ашық", - деді әнші. 

Айта кетейік, бұған дейін өнерден кеткен әнші Айдана Меденова орамалға қалай келгенін айтып бергені хабарланған болатын. 

Тағы да оқи отырыңыздар: Онкологияның алғашқы белгілері қандай?

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз