Неліктен тамақтанғаннан кейін жүрегіңіз айниды?

Көп тамақ жеу әдеті жүрек айнуға және іштің ауыруына әкелуі мүмкін. Бұл проблемаға жиі тәрелкедегі тамақты тез жеп қоятын адамдар шалдығады. Алайда тамақтанғаннан кейін жүрек айнуының басқа да себептері болуы мүмкін, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Тамақты дұрыс шайнамайсыз

Қазіргі өмір ырғағын ескерсек, адамдардың тамақты дұрыс шайнамайтынына таңғалмауға болады. Көпшілік тамақ ішіп отырып телефон немесе теледидарға алаңдайды. Сондай-ақ олар басқалармен әңгіме айтып отырып тамақ ішеді. Сондықтан тамақты шайнауға аса мән бермейді. Алайда тамақты дұрыс шайнамасаңыз, асқорыту процесі баяулайды және ол бұзылады. Нәтижесінде, жүрек айну, іштің кебуі секілді проблемалар пайда болады.

Әр бөлікті 15-20 рет шайнауға тырысыңыз. Бұл тамақтан кейінгі пайда болатын жүрек айнудан арылтып қана қоймай, тойғаныңызды сезуге және артық салмақтың алдын алуға көмектеседі.

Қышқылды рефлюкс пайда болды

Тамақтан кейін жүрек айну, кеуде тұсының ауыруы, кекіру және жалпы хал-жағдайдың нашарлауы қышқылды рефлюкстің дамығанын білдіреді. Қышқылды рефлюкс кезінде жейтін тамағыңыз асқазаннан кері қарай өңешке түседі. Ол жиі жүкті әйелдерде пайда болады. Сондай-ақ оның пайда болуына дұрыс тамақтанбау, асқорыту жолының бұзылуы, артық тамақтану, темекі тарту немесе алкоголь ішу әсер етуі мүмкін.

Тамақтану режимін сақтамайсыз

Қандай тамақ жейтініңіз секілді қай кезде тамақтанатыныңыз да маңызды. Жиі тамақтану да, өте сирек тамақтану да жүрек айнуға әкелуі мүмкін. Тіскебасарлар көп жеу ұйқы безін инсулин бөлуге мәжбүрлейді. Ал ол майды жағу процесін тежейді. Оған қоса, асқазан-ішек жолы үздіксіз жұмыс істейді. Соның салдарынан бауырда түрлі ферменттер мен қышқылдар жиналады. Олар жүрек айну мен іш кебуді ынталандырады. Күнде сақтай алатын тамақтану кестесін жасап, соны сақтауға тырысыңыз.

Рационыңызда жасұнық аз

Жасұнықтың жетіспеуі көптеген жағымсыздықтарға әкелуі мүмкін: іш қатумен қиналу, шаршай беру, жүрек айну және т.б. Сондықтан жемістер, көкөністер, дәнді-дақылдар, бұршақтыларды көбірек жеңіз.

Қалқанша бездің жұмысы бұзылды

Егер қалқанша без проблемасы болса, барлық деңгейдегі зат алмасу процестері бұзылады. Жыныстық гормондар бөлінуі төмендейді, ми дұрыс қызмет етпейді, асқазан-ішек жолының жағдайы нашарлайды. Тамақтан кейінгі жүрек айну қалқанша безбен байланысты ма екенін тек эндокринолог маманы айтып бере алады.

Сізде өт қабымен проблема бар

Егер қуырылған, майлы, ұннан жасалған тамақтан кейін жүрегіңіздің айнитынын байқасаңыз, өт қабының жағдайын тексертіңіз. Оның жұмысы бұзылған болуы мүмкін.

Оқи отырыңыз: Кеуде тұс неге ауырады?