Ораза кімдерге парыз емес? Қандай жағдайда ұстамаса болады?

Ораза кімдерге парыз емес? Қандай жағдайда ұстамаса болады?
Фото: massaget.kz

2024 жылы Рамазан айы 11 наурызда басталады. Ораза ұстау әрбір мұсылманға парыз екенін білеміз. Десе де, кімдер ораза ұстамаса болады? Бұл сұраққа Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасының youtube-каналында Әзірет Сұлтан мешітінің наиб имамы Темірлан Ибраһим жауап берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Темірлан Ибраһим оразаны науқас және сапарда жүрген адамға ұстамауға рұқсат екенін, бірақ кейін жазылғасын немесе сапардан келгесін қайта ұстау керегін айтты.

"Алла Тағала құран кәрімде былай дейді: Кімде кім науқас болатын болса немесе сапарда болатын болса, басқа күндері ораза ұстасын. Демек, Алла Тағала сіздерге жеңілдік қалайды, ауыртпашылық қаламайды дейді. Ұстамай қалмасын, басқа күндері ұстасын деп жатыр", - дейді имам.

Темірлан Ибраһим денсаулығыңыз жақсы болса, ораза ұстауға қорықпауға кеңес берді.

"Бірақ мына нәрсеге де көңіл аудару керек. Алла Тағала Рамазан айы бұрынғыларға парыз етілген сияқты бізге де парыз екенін түсіндіреді ғой. Демек, денсаулығы бар адам оған шыдай алады. Ғасырлар бойы қаншама халық өткен, ораза ұстаған, демек денсаулығыңыз болса, ешқандай қорқудың қажеті жоқ. "Мен талып қаламын", "денсаулығым нашарлайды", "ұстай алмай қаламын" деп қорқудың қажеті жоқ. Қаншама кісі ораза ұстады, денсаулығыңыз болса, сіз де ұстай аласыз", - дейді имам. - Бірақ бұл өзімізге жақсы. Алла Тағаланың оразаға ешқандай мұқтаждылығы жоқ. Алла Тағала бізден ешнәрсе сұрамайды. Бірақ оразаның бізге берер пайдасы өте көп. Мысалы, қаншама адам ешқандай ораза ниеті жоқ болса да, "салмағымды түсірейін, денсаулығымды дұрыстайын" деп ашығып жүр, тамақтануын реттеп жатыр. Бұл бізге керісінше мүмкіндік. Сондықтан бірінші кезекте осындай қорқыныштарды алып тастау керек. Алла Тағала парыз етті, демек денсаулығыңыз бар болса сіз оны ұстай аласыз".

Имам кімдерге ораза ұстамауға рұқсат етілгенін айтып берді.

"Ал енді ұстай алмайтын жағдайларға келетін болса, Алла Тағала айтқандай, ауру, науқас кісі ораза ұстай алмайды. Жай ғана басым, қолым ауырып тұр деген оған жатпайды. Екінші мәселе, жолаушы адам ұстағаны абзал дейді. Егер оның сапары оңай болса, қиындық туғызбайтын болса ұстағаны жақсы. Бірақ негізі ұстамаса ешқандай күнәсі жоқ. Алла Тағала сондай жеңілдік беріп қойған. Кейін қайтып оралған кезде оразасын ұстай береді. Тағы бір рұқсат берілетін жағдай - қартайған кісі, жасы ұлғайған кісі. Одан кейін - жүкті әйелдер мен бала емізетін әйелдер. Денсаулығы нашарлайды деп қорқатын болса, бұл кісілерге де рұқсат бар. Дегенмен, кейін қазасын өтеңдер деген. Мысалы, кей ауыратын адамдар қыста ұстаса болады, ол кезде күн қысқа, ол қазасын өтей алады", - дейді Темірлан Ибраһим.

Имам балиғат жасқа толмаған балаларға ораза ұстау міндеттелмейтінін, бірақ 7 жастан бастап денсаулығына қарай жайлап ораза ұстауды үйрете беруге болатынын айтты.

"Келесі балалар мәселесі. Жалпы хадистерде біздің намазда болсын, оразада болсын баланы 7 жастан бастап үйрету керек деп келеді. Бірақ бұл жерде де баланың денсаулығына қарау керек. Әрбір бала ол жаста ұстай алмауы мүмкін. Себебі кей балалардың денсаулығы нашар болады, әлсіз, аурушаң болуы мүмкін. Бірақ бұл нәрсені балаға үйретуі керек. Жарты күн ұстаса да, арасында бірдеңе жеп қойса да, баланы осы нәрсеге тәрбиелеу керек. Балаға "бүгін ораза ұстадың, қандай керемет" деп қолпаштап қойыңыз", - дейді ол.

Қазақстанның қалалары бойынша Ораза кестесін мына жерден көре аласыз.

А. Жапатова