Капри қайтадан сәнге оралды

Капри қайтадан сәнге оралды
Фото: pinterest.ru

Жазғы трендтер тізімі толықтырылып жатыр. Соңғы кездері 2000-жылдары сәнді болған киімдер оралып жатқанын байқаған боларсыз. 20 жыл бұрын көпшілік киіп, бірақ одан кейін ұзақ жылдар бойы антитренд саналған киімдерді дизайнерлер қайта жаңғыртуда. Солардың бірі — капри (ұзындығы шамамен тізенің ортасына дейін келетін қысқа шалбар). Ендеше, каприді осы мерзімде қалай кию керек?

Қысқа шалбар (шорты) кигенді ұнатпайтын адамдар каприді таңдай алады. Ол өте ыңғайлы киім және ол жазғы киімдермен жақсы үйлесе кетеді. Бұрын каприді тек күнделікті киім үлгісіне пайдаланатын. Ал қазір дизайнерлер оның кештерге арналған түрлерін ұсынып отыр. Мысалы, Chanel капридің твидтен тігілген түрін ұсынды. Мұндай каприді пиджакпен немесе әдемі жейдемен кие аласыз.

Michael Kors SS22

Сондай-ақ, сән көрсетілімдерінде пиджагы бар каприлер жиі кездесті. Оны кең тұратын оверсайз жакетпен де, денеге жабысып тұратын түрімен де киюге болады. Пиджак пен капридің бір түсте болғаны стильді көрінеді.

Капридің спорттық стильдегі түрлері де сәнде болады. Мұндай капридің белі жоғары тұрғаны жақсы. Стилистер оны қысқа топтармен немесе футболкалармен киюді ұсынды. Бірақ мұндай спорттық стильдегі капридің сапалы матадан тігілген түрін таңдауға тырысыңыз. Әйтпесе, егер ол арзан матадан тігілген болса, пижама киіп алғандай көрінуіңіз әбден мүмкін.

А. Жапатова