Көктемде қандай көйлектер сәнде болады?

Көктемде қандай көйлектер сәнде болады?
Фото: yavmode.ru

Көйлек – әйелдердің нәзіктігін айқындай түсетін киім. Күн жылына бастағанда қыздар сыртқа әдемі көйлектерін жиі киіп шығуға тырысады. Егер алдағы көктемге жаңа көйлек алуды ойлап жүрсеңіз, сәнді топтамалардан жиі кездескен көйлек түрлеріне көз жүгіртіңіз. 

2020 жылы сәнде болатын трендтің бірі – көлемді шам-жеңдері бар көйлектер. Мысалы, ешқандай артық деталі жоқ қарапайым көйлекке мән беріңіз. Ол өзінің көлемді жеңінің арқасында ерекше көрінеді. Оны күнделіктіге де, кешкі отырыстарға да кие беруге болады.

Көктемде міндетті түрде гүлді көйлектер сәнде болады. Әсіресе, ұсақ гүлдері бар көйлектерге мән беріңіз. Әйтпесе, үлкен гүлдер дене пішінін визуал түрде ірілеу етіп көрсетеді. Егер денеңізді арықтау етіп көрсеткіңіз келсе, ашық түсті ұсақ гүлдері бар қара көйлек таңдаңыз.

Егер кешкі көйлек алу жоспарыңызда болса,  алтын және металл түстес көйлектер қараңыз. Көйлектің V-бейнелі ойығы бар түрін киіп көріңіз. Мұндай көйлектер дене пішінін сымбатты әрі мойныңызды ұзын етіп көрсетеді.

Сондай-ақ көктемде қызыл түсті көйлек алуға болады. Қазір түрлі түсті былғары киімдер сәнде екенін ұмытпаңыз. Сондықтан қызыл былғары көйлек таңдауға болады. Қызыл түстің реңктері сәннен шықпайды және кез келген адамға жарасады. Қызыл көйлекті алтын түсті әшекейлермен үйлестіріп әдемі киім үлгісін жасауға болады.

Total деним – 2020 жылдың сәнді бір тренді. Миди ұзындықтағы джинс жейде-көйлекті бәтеңкемен кисеңіз, оны жұмысқа да, кешкі жиындарға да кие аласыз.

2020 жылдың көктемінде ақ-қара түсті геометриялық принті бар көйлектер сәнде болады. Алайда тек мерзімді емес, сәннен шықпайтын принті бар көйлек алғыңыз келсе, классикалық бұршақты көйлекке мән беріңіз. Оның үстіне бұршақты көйлек басқа киімдермен оңай үйлесім табады.

А. Жапатова