Водолазканы киюдің 5 әдісі

Водолазканы киюдің 5 әдісі
Фото: pinterest.com

Водолазка – күз-қыс мерзімінде қажет болатын базалық киім. Қазір бұл мойны бар киімнің түр-түрін кездестіруге болады: жұқа трикотаж, көлемді жемпір секілді, мойны бірнеше қайырмалы және сәл ғана мойны бар водолазка. Водолазканы жалықтырғыш киім санасаңыз немесе онымен ерекше киім үлгісін жасай алмасаңыз, төмендегі әдістерге көз жүгіртіңіз.

1. Жакеттің астынан
Водолазка мен ерлер стиліндегі костюм үйлесімі – 70-жылдардың тренді. Бұл үйлесім қазір қайтадан өте жиі қолданылып жүр. Водолазканың базалық түсін таңдасаңыз, оны кез келген жакеттің ішінен кие бересіз.

2. Белдемшемен және етікпен бірге
Қарапайым водолазканы ерекше (мысалы, принті бар) белдемшемен үйлестіру арқылы киім үлгісін бірден стильді етуге болады. Мұндай үйлесімге қонышы ұзын етіктер жақсы жарасады.

3. Жемпірдің ішінен
Бірнеше жыл бұрын жемпірдің ішінен водолазка киіп алсаңыз, ол біртүрлі көрінер еді. Бірақ қазір бұл сәнді трендтің бірі. Оны қыста жылы жүрудің қулы әдісі десек те болады. Қыздар бұл әдісті 80-жылдары қолданған. Бұл әдіске ангорадан жасалған үлпілдек жемпір жақсы келеді. Ал водолазканың жұқа әрі бейтарап түсті түрі болғаны жақсы.

4. Монохромды киім үлгісі
Водолазка монохромды (тұтас біртүсті) киім үлгісіне керемет келеді. Мысалы, қара водолазка, кара шалбар және қара етік кию немесе сарғыш (бежевый) водолазка мен сарғыш белдемше кию. Монохромды киім үлгісінің артықшылықтары жайлы ұмытпаңыз: ол дене пішінін сымбатты етеді, бойды визуалды түрде ұзартады және өте стильді көрінеді.

5. Жейденің ішінен
Біртүсті водолазка мен oversize жейде – күз-қыс мерзімінің хиті. Мұндай киім үлгісін қарындаш-белдемше немесе белі жоғары тұратын шалбар толықтыра алады. Бұл әдісті жүзеге асыру үшін ақ жейде, торлы жейде немесе қара жейде қолдануға болады. Ал аяғыңызға биік өкшелі әдемі етік те, дөрекі бәтеңке де келе береді.

Водолазканы сарафанмен де үйлестіруге болады.

А. Жапатова