Күзгі бас киімдер

Күзгі бас киімдер
Фото: pinterest.com

Суық мерзімде далаға бас киімсіз шықпаған жөн. Оны бала кезімізден білеміз. Біріншіден, тонғасын иммунитетіңіз әлсіреп, тұмау жұқтырып алу қаупі бар. Екіншіден, суық әсерінен шаш әлсірей түседі. Шашыңыздың әдемі әрі сау сақталғанын қаласаңыз, жылы бас киімді үйде қалдырмаған жөн. Қазір сән әлемінің дамығаны соншалық, дизайнерлер бас киімдердің түр-түрін ұсынып отыр. 2019-2020 жылдары сәнде болатын және жылу сыйлайтын бас киім түрлерін ұсынамыз.

Қалпақ
Қалпақ кигенді ұнатсаңыз, уайымдамаңыз, жазғы сабан қалпақтардың орнына жұқа киіз, жүн және теріден жасалған қалпақтар көп кездеседі. Бейтарап түсті қалпақ алып, оны кез келген пальтомен үйлестіріп кие аласыз.

Панама
2019 жылдың жаз мерзімінде панама сәнге айналғанын білеміз. Дизайнерлер қалыңырақ матадан тігілген күзге арналған панамаларды ұсынды. Бутиктерден олардың түр-түрін кездестіруге болады. Әсіресе, қара түсті былғары панамаларға мән беріңіз. Себебі қазіргі трендтің бірі – қара былғары киімдер.

Берет
Берет – сәннен шықпайтын бас киімнің бірі. Бірақ ол жылдан-жылға аздап өзгеріп тұрады. Мысалы, биыл былғары, тоқылған және логотипі бар береттер сәнге айналды. Берет кез келген киім үлгісіне француздық сән-салтанат сыйлайды.

Фуражка (картуз)
Бұл бас киімдер – спорттық стильден күнделікті киім үлгісіне көшкен аксессуарлардың бірі. Қазір фуражка бас киімдерін классикалық пальтолармен де, күрткелермен де кие береді. Онымен киім үлгіңіз стильді көрінеді.

Бини бас киімі
Бұл ең әмбебап бас киім. Бұл мерзімде оның моншақтары, жылтырлары немесе жазулары бар түрінен аулақ болыңыз. Оның көлемді түрін күрткелермен, ал жұқа түрін пальтолармен үйлестіруге болады.

А. Жапатова