Эстрада жұлдыздарының сәнді киім үлгілері

Эстрада жұлдыздарының сәнді киім үлгілері
Фото: instagram әлеуметтік желісі

Бойжеткендердің көпшілігі киім таңдау кезінде оның жарасымды әрі ыңғайлы болуымен қатар, сәнді болуына да мән береді. Ал халық назарында жүрген әншілердің сән әлемінен хабары бар деп есептейміз. Ендеше, кей эстрада жұлдыздарының 2018 жылдың сәнді тенденцияларына сәйкес таңдаған киім үлгілерін ұсынамыз.

Ерке Есмахан – клиптің көрілім санынан рекорд жасаған әнші. Оның әнін кішкентай балалардан бастап ересектерге дейін жатқа айтып жүреді. Ерке өзінің ұзын көйлектерімен ерекшеленеді. Ол осы қыста Мальдив аралдарына барған демалысына 2018 жылдың ең сәнді түстерінен тігілген көйлектерді таңдаған. Оған әрқашан классикаға жататын қызыл түс, Pantone түстер институның таңдауы бойынша, алдағы көктем-жаз мерзімінің сәнді түстері "сарыторғай" мен "аркадия" реңктері жатады.

Айдана Меденова – әнімен, биімен және сұлулығымен жұрттың сүйіктісіне айналған эстрада жұлдыздарының бірі. Жылдың ең сәнді түсі – ультракүлгін. Бұл көзге түсерлік түсті свитерді Айданадан да байқадық. Көктемгі мерзім қанық түстерге толы болғанымен, дизайнерлер гардеробтан қара мен ақ түс үйлесіміне де орын берді. Ол үйлесім, "шахмат тақтасы", "бұршақ" немесе "ромб" түрінде болуы мүмкін. Айдана да күнделікті киім үлгісіне осы үйлесімді таңдаған.

Кәмшат Жолдыбаеваға әнші ретінде де, актриса ретінде де қызыға қарайтын адамдар көп. Ол – стилін түрліше өзгертіп, батыл тәжірибе жасайтын жұлдыздардың бірі. Кәмшат әрдайым ерекше әрі өзіне жараса кететін киімдермен көрініп жатады. Осы жолы оның қазақша нақышта тігілген ерекше киімі көзге бірден түсті. Сонымен қатар, 2018 жылдың басты тренді шашақ екенін айтып кеткенбіз. Көріп отырғандарыңыздай, бұл екі киім үлгісінде де шашақ қолданылған. 

Әйкерім Қалаубаева – концерттік қойылымымен және сахналық костюмдерімен ерекшеленетін әншінің бірі. 2018 жылғы трендтердің бірі – алқызыл total look. Дизайнерлер бұл түсті қорықпай, бастан аяққа дейін киюді ұсынды. Сонымен қатар, көктем-жаз мерзімінің сәнді түстерінің қатарына алқызыл түстің үш бірдей реңкі кірген болатын. Әйкерімге бұл түс керемет жарасып, оның нәзіктігін айқындай түскен. 

Мадина Сәдуақасова да көзге бірден түсетін әрі батыл ультракүлгін түске тоқтау жасаған. Ультракүлгін түсті киім үлгісінде қолдану қиын болғанымен, ол Мадинаны ашып тұр. Ол бұл түсті тек күнделікті киюге емес, сонымен қатар, сахналық киіміне де қолданған. 

Эстрада жұлдыздары мен сән тақырыбында Лидоның орны ерекше. Ол эстрада ортасында ең сәнқой жұлдыз десек те қателеспейміз. Оның талғамы мен көзқарасы жұртты қызықтырмай қоймайды. 

Сізге басқа қай эстрада жұлдызының киіну үлгісі ұнайды?

А. Жапатова