Қысқы базалық гардероб

Қысқы базалық гардероб
Фото: Wearnissage

Кейде көзіміз қызығып, киім сатып алып, оны үйлестіре алмай немесе күнделіктіге кие алмай, гардеробтан орын алып тұратын кездер болады. Әр бойжеткенге өзіне базалық гардероб құрып үйренгенінің пайдасы көп.

Базалық гардеробқа жататын киімдер бейтарап реңкті, біртүсті және классикалық пішінді болуы керек. Сол кезде барлық киімдер бір-бірімен жақсы үйлесім табады. Ал қысқы базалық гардеробқа келсек, жоғарыда айтылған талаптармен қоса, олар жылы болуы тиіс.

Свитер (топ)

Міндетті түрде ұзын жеңді свитерлер болуы керек. Киім үлігісін жасарда ерекшелік болуы үшін бірнеше жейде болғаны жөн. Жейделерді кардиганмен немесе жемпірмен үйлестіресіз. Кардиган көлемді тоқымадан, свитер жұқа трикотаждан және мойны дөңгелек болуы керек.

Шалбар

Жылы бір джинс шалбарын алыңыз. Оны қыста да, көктемнің басында да кие аласыз. Ол қою көк және біртүсті болуы керек. Содан соң міндетті түрде бір тік пішімді классикалық шалбар болуы тиіс. Басқа киімдермен жеңіл үйлесуі үшін оның көк немесе қара түсін және жүнді түрін таңдаңыз.

Белдемше мен көйлек

Көйлек ретінде тізеге дейінгі тоқылған тік үлгісін ұсынамыз. Оны жакетпен және жейдемен үйлестіруге болады. Белдемшенің миди ұзындықтағы тік немесе кең етек түрі жақсы.

Сыртқы киім

Қыста бір әмбебап сырт киімнің өзі жарайды. Қыс мезгіліне мамық сырт киім ыңғайлы болып келеді. Сонымен қатар драп пальто таңдауға да болады. Бойжеткендерге жас көрсететін парка алуға болады.

Аяқ киім мен аксессуарлар

Базалық гардероб туралы айтқанда, өкшесі бар аяқ киімнен бас тарту туралы кеңес беріледі. Қысқы базалық гардеробқа өкшесі бар аяқ киім тіптен керек емес. Оның орнына жылы бәтеңке, бауы бар қысқа етік немесе тізеге дейінгі былғары етік таңдаңыз. Бас киім, қолғап және шарф туралы да ұмытпаңыз.

Суретте жоғарыда айтылған талаптарды ескере отырып, сұр және көк реңкті қысқы гардероб мысалы көрсетілген.

А. Жапатова