Сән әлемінің сюрреалисі Мартин Маржела туралы деректі фильм тұсауы кесіледі

Сән әлемінің сюрреалисі Мартин Маржела туралы деректі фильм тұсауы кесіледі
Фото: vk.com

Мартин Маржела – сән әлемінің ең жұмбақ дизайнері. Ол сән апталығында топтамасын жариялағаннан кейін көпшілік алдына шығып бейнесін көрсетпеген. Фотографтар және журналистермен кездеспейді. Барлық сұраққа пресс-офис жауап береді. Оны өз отбасы мүшелері мен әріптестері ғана таниды. Ол осы қылығы арқылы сән сүйер қауымға Maison Martin Margiela топтамаларын дизайнер көзқарасы арқылы емес, өзіндік түйсікпен ұғынуды үйретпек. Маржела кеткеннен кейін, яғни, 2014 жылдан бастап сән үйінің креативті директоры қызметін Джон Гальяно атқарады.

Деконструктивистік сән бағытының негізін қалаушы Мартина Маржела ендігі ғұмырын сурет өнеріне ғана арнамақ. Десе де, заманның ең атақты әрі ең жұмбақ адамының өмірі өнерсүйер қауымды қызықтыратыны анық. Сол себепті, 23 қазан күні дизайнер білім алған Антверпендегі Корольдік өнер академиясында "We Margiela" деректі фильмінің тұсауы кесіледі.

Оның болашақты болжау және қарқынды даму қабілетіне көз ілеспейді. Сәнгер бірнеше жыл бұрын өзі құрған брендті тастап кеткен. Бұл қылығы fashion-өндірісті таңғалдырмай қоймады. Оның жеке өмірі мен шығармашылығы бұрынғыдан бетер қызықты бола түсіп, құпия сандықтай көпшілікті өзіне тартумен болды.

Осы көктем мезгілінде Маржеланың өнеріне табынушылар мен құпияға құмартушылар үшін үлкен шара ұйымдастырылғалы отыр. Наурыз айында Palais Galliera аталатын сән мұражайында Мартин Маржела шығармашылығының барлық кезеңдерін қамтитын ауқымды ретроспектива (өткенге шолу) ашылды. WWD хабарлауынша, көрме Palais Galliera мұражайының директоры Оливье Сайяр мырзаның басшылығымен ұйымдастырылған. Аталмыш шарада дизайнер өз әдетіне салып көлеңкеде қалғанды жөн көрді.

Мартин Маржела шығармашылығына арналған көрме Париж сән мұражайы ұжымы биылға жоспарланған жалғыз шара емес. Наурызда, Антверпен қаласында The Hermès Years Margiela экспозициясы ашылды. Онда дизайнердің 1997-2003 жылдар аралығында жасалған 12 топтамасы көрсетілді. 

А. Оралқызы