Әлемдегі ең қымбат 10 туфли

Әлемдегі ең қымбат 10 туфли
Фото: avito.ru

Туфли  әйел адамдар гардеробындағы маңызды аяқ киімдердің бірі екенін білеміз. Кейде олардың сапасына қарай бағасы қымбат болып жатады. Алайда әлемдегі ең қымбат туфлилердің суретіне қарап, олардың қанша тұратынын табар ма едіңіз?

10. "Eternal Diamond"

Borgezie зергерлік үйінің қалаушысы, ағылшын зергері Кристофер Майкл Шеллис таза алтыннан туфли жасаған. Аяққа арналған бұл "әшекей" 2000 гауһар таспен әсемделген. Оның болашақ бейнесін ойластыруға зергердің 3 жыл уақыты кеткен. Бұл туфлиге зергерлік үйі мың жыл кепілдік беріп отыр. 

Бағасы: $ 216 000 (72 360 000 теңге)

9. "Diamond Princess Constellation"

Кристофер Майкл Шеллис алдыңғы суреттегі туфлиді жасаған соң, бірнеше жылдан кейін біріншісінен де қымбат тұратын туфли ұсынды. Шеллистің айтуы бойынша, ең қымбат туфлилер жасауға «Diamonds on the Soles of Her Shoes» (Оның туфлиінің табанындағы алмаздар) әні шабыттандырған.

Бағасы: $ 331 450 (111 035 750 теңге)

8. "Diamond Dream"

Kwiat зергерлік компаниясымен коллаборациялық келісімде аяқ киім дизайнері Стюарт Вайцман «Diamond Dream» (Гауһар арман) атты туфли жасады. Бұл эксклюзивті туфли 1420 гауһар таспен бедерленіп, баулары платинадан жасалған. Туфли дүкен сөресінде ұзақ тұрмады. Оны 2007 жылы актриса Аника Нони Роуз Оскар премиясының марапаттауына киіп келді. 

Бағасы: $ 500 000 (167 500 000 теңге)

7. "Retro Rose "

Стюарт Вайцман тағы да қымбат туфли жасады. Осы жолы ретро стильдегі туфли болды. Ол 100 қаратты гауһар тасы бар раушанмен безендірілді. Мұндай туфли алдыңғыға қарағанда екі есе қымбат тұрады.

Бағасы: $ 1 000 000 (335 000 000 теңге)

6. "Marilyn Monroe"

Стюарт Вайцманның тағы бір туындысы Мэрилин Монроның атағына қойылған. Туфлидегі Swarovski кристаллдарының арасында Мэрилин Монро таққан сырға да бар. 2005 жылы Оскар премиясының марапаттауында актриса Реджина Кингке осы туфлиді кию құрметі бұйырды. Содан соң туфлидегі сырғаның тастары ауыстырылғанымен, ол аукционда сатылып алынды. 

Бағасы: $ 1 000 000 (335 000 000 теңге)

5. "Platinum Guild"

Бұл туфлиді де Стюарт Вайцман жасады. Туфлидің бауын шешіп, білезік ретінде де тағуға болады. Бұл әмбебап үлгіні 2002 жылы Лаура Хэрринг киіп шықты. Алайда ол басқа әшекей тақты. Ол туфлиден 27 есе қымбат тұрды. 

Бағасы: $ 1 090 000 (365 150 000 теңге)

4. "Ruby Slippers"

"Оз елінің сиқыршысы" (Волшебник страны Оз) ертегісі Стюартты лағыл (рубин) туфли жасауға шабыттандырған. Туфли 123,33 қарат салмақты, өте сирек кездесетін 642 лағылмен сәнделген. 

Бағасы: $ 1 600 000 (536 000 000 теңге)

3. "Cinderella Slippers"

Қымбат туфли рейтингінде Күлбике (Золушка) ертегісіндегі бас кейіпкердің туфлиінсіз елестету қиын. Күлбике туфлиін 565 гауһар таспен және 1 миллион доллар тұратын үлкен Амаретто (5 қарат) гауһар тасымен әсемдеген. 11 сантиметрлік өкшесі бар туфлиді 2004 жылы әнші Элисон Крауссқа кию бұйырды. 

Бағасы: $ 2 000 000 (670 000 000 теңге)

2. "Tanzanite"

Бұл туфлиді жасауда Стюартқа зергер Эдди Левиан көмектескен. Ол күміс теріден, африкалық көк танзанит және гауһар тастардан жасалған. 

Бағасы: $ 2 000 000 (670 000 000 теңге)

1. "Rita Hayworth"

Рейтинг басында Вайцман 40-жылдардың актрисасы Рита Хэйворттан шабыт алып жасаған туфлиі тұр. Шоколад түстес сәтен (сатиновый) туфлиде Ританың сырғасы қолданылып, лағыл, гауһар тас және жақұтпен безендірілген. Туфлиді 2006 жылы Оскар премиясының марапаттауына Кэтлин Йорк киіп келген. Қазір туфли Рита Хэйворттың қызына тиесілі. 

Бағасы: $ 3 000 000 (1 005 000 000 теңге)

А. Жапатова