Күзгі сән-2015. Қара жакет

Күзгі сән-2015. Қара жакет
Фото: blogspot.com

Қара жакет – кез келген әйел затының гардеробында болуы керек киім. Әйгілі дизайнер Коко Шанель әйелдерге тән стильді өзгертіп, жаңа тренд енгізгенінен бері әйелдердің гардеробы күрт өзгерді. Ерлердің пенжагы әйелдерге арнап жакет ретінде өзгертіліп, тігіле бастады.

Қара жакеттің танымалдылығы ыңғайлы әрі кез келген шараға лайық болуында жатса керек. Сонымен қатар дұрыс таңдалған қара жакет сіздң сымбатты әрі сәнді етіп көрсетеді.

Қара жакетті немен үйлестіріп киюге болады?

Қара жакет + джинс шалбары

Бұл «дуэт» жас қыз-келіншектердің арасында танымал деуге болады. Жұмысқа, оқуға, кешкі кездесуге қара жакет, ашық түсті топ пен джинс шалбарын киіп баруыңызға болады. Жакетті өз дене пішініңізге қарай таңдаңыз.

Қара жакет + макси белдемше

Бұрынырақта макси белдемшені тек нәзік блуза, жейдемен үйлестірген болса, қазір макси белдемшені жакетпен де киюге болады. Жаз, күз маусымының басында жеңіл, зығырдан тігілген қара жакетті ұзын, принті бар белдемшемен үйлестіруіңізге болады. Сонымен қатар бір түсті топ пен өкшесі аласы сүйретпе киіп, образды толықтыра аласыз.

Қара жакет + футляр көйлегі

Қара жакет кез келген көйлекті байсалды, салмақты етеді. Демек, қысқалау келетін футляр көйлегін жакетпен киіп, іскер образ жасауға болады. Көйлектің түсі жакетпен түстес болмауы керектігін ұмытпағайсыз. Қара жакетпен сұр, алқызыл, қою қызыл, күлгін түсті көйлектер үйлеседі.

Бұл образдар сізге күз маусымында стильді арулардың бірі болуға көмектеседі.

Ф. Абилова