Биік өкшелі аяқ киіммен дұрыс жүру ережелері

Биік өкшелі аяқ киіммен дұрыс жүру ережелері

Биік өкшелі аяқ киім сымбатымызды айқындап, бойымызды ұзын етіп көрсетеді. Бірақ кейбір арулар мұндай аяқ киіммен жүріп үйренбеген. Осы кемшіліктің орнын толтыру үшін, биік өкшелі туфлимен қалай дұрыс жүру керектігі туралы кеңестерді қарастырайық.

Сәнбикелердің құпиясы

Биік өкшеде дұрыс тұру үшін адам жүрісі үлкен рөл атқарады. Нағыз сәнбикелер сияқты жүргіңіз келсе, аздап тәжірибе жасап, үйреніп көріңіз. Атақты модель Тайра Бэнкс мінсіз жүрістің бірінші ережесі көзбен түзу сызық сызып, сонымен тіке жүру екенін айтады. Екінші ереже: әр қадам басқан сайын аяқтың ұшымен жүру керек. Сәнбикелерден тағы бір кеңес: биік өкшелі аяқ киімде келе жатқанда, тура алдыңыздағы бір сызыққа қарап жүру қажет. Бұл дененің тепе-теңдігін сақтайды.

Сіздің қадамыңыз ұзын да, қысқа да болмасын. Басты мәселе – аяқты қалай қою керектігінде. Аяқтарыңыздың ұшын сәл екі жаққа бұрып, ал өкшеңізді түзу қойсаңыз, жүрген кезде аяқтарыңыз бір-біріне кедергі келтірмейді.

Патшайымның сымбаты

Биік өкшелі аяқ киім кигенде кеудені тік ұстап жүру өте маңызды. Бірақ тіп-тік жүру бірден бола қоятын нәрсе емес. Кеудені тік ұстап тұру үшін мына жаттығуды күнде жасаңыз: қабырғаға сүйеніп тұрыңыз. Сүйенген кезде бес «нүктеңіз» - желке, жауырын, жамбас, балтыр, өкшеңіздің тиіп тұруын қадағалаңыз. Осы тұрысты есте сақтап, биік туфлиіңізді киіп қайталап көріңіз. Егер бұзылса, тағы да жасаңыз.

Иықты тік ұстаудың келесі бір әдісі – басқа кітап қойып, бөлме ішін жүріп өту. Тік тұрмасаңыз, мұны жасау қиынға түспек. Таңдаған кітабыңыз ауыр әрі мұқабасы қатты болуы керек, - жұмсақ мұқабалы кітап тез тайып кетеді. Күніне 5 минут жасау ұсынылады.  


Жаттықтырушы кеңесі
Биік өкшемен жүргенде тобықты қайырып алу – жиі кездесетін жағдай. Мұның себебі: жіліншіктің бұлшық еттері жақсы дамымағандықтан, барлық күш тобыққа түседі. Нью-Йорктегі DavidBartonGym спорт-клубының жаттықтырушысы - Уолкотт Терренс тобықты зақымдап алмас үшін бірнеше кеңестерімен бөліседі:

Биік өкшемен оңай жүру үшін санның, балтырдың бұлшық еттерін нығайту қажет. Аяқты созып жасайтын жаттығулар емес, керісінше, бұлшық еттерге оттегі көп мөлшерде баратындай етіп, ұрып жасайтын жаттығулар керек.

Аяқты қатайтуға велосипед тебудің пайдасы зор, оны үйде де жасауға болады. Аяқтың ұшымен жүру, отырып-тұру бұлшық еттерге өте пайдалы.

Биік өкшелі аяқ киімді шешкеннен кейін, кішкене мөлшерлі рәзеңке доппен немесе шараптың бос құтысын алып, табаныңызбен ары-бері домалатыңыз. Бұл аяқты қалпына келтіріп, түскен күшті азайтады. 

Дайындаған: Назерке Смағұл

Сурет: iran-eng.com, mama.darievna.ru

Оқи отырыңыз:

Биік өкшелі туфлимен жүріп үйренейік!

Биік өкшенің зияны

Биік өкшеден шаршасаңыз

Биік тақа: кию не кимеу?

Y. Smaghul