- Негізгі бет
- Сән
- Биік өкшелі туфлимен...
Биік өкшелі туфлимен жүріп үйренейік!
Биік өкшелі туфли сырт көзге аяқты ұзын етіп көрсетеді, арқаны тік ұстауға мәжбүрлейді, жүрісті бірден әдемі әрі кербез етеді. Өкінішке орай, мұндай аяқ киім барлық қызға дес бере бермейді: биік өкшеде өзіңді сенімді әрі жайлы сезіну үшін шыдамдылық керек және жиі машықтану қажет. Биіктікті бағындыруға арналған бірнеше кеңесті ұсынамыз.
Туфли таңдаймыз!
8-9 сантиметр болатын биік өкше қалыпты болып саналады. Бұдан биіктер (айталық, 10-15 сантиметр) аяққа ауыртпалық түсіреді және жүрісіңе кербездік сыйлай қоюы екіталай.
Қандай биіктіктегі туфли жарасатынын қалай білуге болады? Туфлиді екі аяғыңа да ки, өкшеңді жерден бірнеше сантиметрге көтеріп, аяқтың ұшымен тұрып көр. Егер бұл тапсырманы орындау қиынға соқса, демек, туфли өкшесі тым биік, және мұндай аяқ киіммен тез бүгіліп қаласың.
Алғашқы қадамдар
1. Егер биік өкшелі аяқ киіммен жүруді жаңадан үйреніп жүрген болсаң, жерде бекем тұратын, басы доғал, 5-7 сантиметрлі төртбұрыш өкшелі туфли таңдаған жөн. Мұндай аяқ киіммен өзіңді біраз сенімді ұстауға болады. Тобық айналасында бауы бар босоножкалар немесе жабық туфлилер де жарақат алудың алдын алады.
2. Бірінші кездері биік өкшені тек үйде ки. Бірнеше сағат жүрген соң жаңа биіктікке үйреніп қана қоймай, туфлиді біраз кеңейтесің. Мұнда ең бастысы – машықтану екенін ұмытпа!
3. Алғашқы қадамдар жасағанда аяғыңды түзу ұста. Баяу қозғалып, әрдайым келбетіңді түзу ұстауға тырыс. Анда-санда тоқтап, пәтер ішінде қозғалып жүр.
4. Егер биік өкшелі аяқ киіммен түнгі клубқа бармақ ойың болса, би жаттығуларын үйде жасап машықтанып ал.
5. Баспалдақпен көтерілгенде таянышқа жақын жүр және баспалдақ сатысына тек туфлидің табанын қой. Түскенде – табанымен де, өкшесімен де жерді бас.
6. Аяғың ауырғанын сезе бастасаң, біраз демал.
7. Үйде машықтанып алған соң жақын маңдағы дүкенге барып көр. Тегіс емес жермен жүру тепе-теңдікті шынықтыруға көмектеседі және жүрісіңді нығайтады.
8. Жүрген кезде салмақты табанға түсір. Осылайша жүрісің барынша кербез және әсем болады.
9. Орташа биіктіктегі туфли киіп үйренген соң, біз өкшелі туфлилерге көшсең болады.
Бастысы, әрдайым машықтан, және уақыт өте келе биік өкшелі туфлимен жүріп қана қоймай, жүгіретін де боласың.
Сурет: vk.com
Дайындаған: Анар Мұстафина
Оқи отырыңыз:
A. Mustafina