Қолөнер сабағы: Канзаши

Қолөнер сабағы: Канзаши

Қыздар қауымы үшін шашқа тағатын бұйымның сәнді әрі жарасымды көрінуі маңызды. Сол үшін де түрлі әшекей қолданамыз. Сондай бұйымдардың бірі "Канзаши" деп аталады. Канзаши – жапон шаш үлгілері үшін қолданылатын әшекей. Бұл бұйымды дайындаудың түрлі техникасы бар. Канзашиді үйде қолдан жасауға әбден болады. Жібек, атлас маталарынан жасалатын канзашидің қарапайым бір түрін Ақнұр Бектеміс жасап көрсетеді. Естеріңізде болса, Ақнұр Бектеміс бұған дейін жаға жасап үйреткен болатын. 

Қажетті заттар:

  • Түрлі-түсті ленталар;
  • Ине-жіп, қайшы;
  • Балауыз бен бижутерия

Алдымен ленталарымызды шаршы формасында қиып аламыз да, жиектерін балауыз көмегімен сәл күйдіріп шығамыз. Бұл лентаның сетінеп кетпеуі үшін қажет.

Енді лентамызды бүктейміз, бірінші екі диагоналі бойынша беттестіріп, үшбұрыш формасына келтіреміз.

Үшбұрыштың екі бүйір бұрышынан ұстап тағы бір бүктейміз, сонда мынадай кішірейген үшбұрыш шығады.

Осы үшбұрышты тағы да бүйір бұрыштарынан ұстап бүктеп, ұштарын балауызға күйдіріп жабыстырамыз. Сонда мынадай форма шығуы керек.

Екі түстен дайындалған формаларды бірінің үстіне бірін қою арқылы біріктіреміз. Осындайдан бірнешеуін (тақ сан) жасап шығамыз.

Енді бұларды өзара біріктіріп, ине-жіппен тігіп шығамыз да, түйме не басқа да әшекеймен сәндейміз. Жарамсыз қалған невидимкаға, резеңкеге не болмаса ободокқа қадап қойсаңыз болғаны. Канзаши дайын!

√ Ескерту: ленталарды жабыстыру кезінде балауызды қолданғанда абай болған жөн.

Қолөнер сабағының авторы: Ақнұр Бектеміс 

Сурет: Ақнұр Бектеміс

Дайындаған: Мейіргүл Оңғарова

М. Оңғарова