- Негізгі бет
- Сән
- Қолөнер сабағы: Жаға...
Қолөнер сабағы: Жаға жасап үйренейік
Сән әлемінде соңғы жылдары жағалы киім-кешектер сәнге айналғаны анық. Түрлі-түсті жылтыраған моншақ пен бисерлерден дайындалған алмалы-салмалы жағалар да осыған орай өзекті бола бастады. Сондай жағалардың кең тараған түрі – классикалық үлгідегілер. Ең қарапайым жағаны үй жағдайында жасауға болады. Жаға жасауды сіздерге тұрақты оқырманымыз Ақнұр Бектеміс үйрететін болады.
Қажетті заттар:
- Мата;
- Қайшы;
- Ине-жіп;
- Қатты қағаз;
- Балауыз бен сабын;
- Бижутерия, тастар, бисер.
Қатты қағаздан жағамыздың пішінін қиып аламыз. Содан соң матаның теріс жақ бөлігіне қойып, сабынның көмегімен жаға пішінін сызып шығамыз.
Міне, мынадай формадағы жағамызды қиып алдық.
Енді балауызды жағып, жағаның жиектерін сәл ғана күйдіріп шығамыз. Бұл матаның сетінеп не болмаса қиылып кетпеуі үшін қажет.
Жиектерін күйдіргеннен кейінгі жағамыз жинақы әрі тегіс көрінеді.
Осы жағамызды кез келген бір түсті, ешқандай ерекше элементі жоқ қарапайым, тіпті біраз уақыт киілмеген жейдеңізге ине-жіптің көмегімен тігіп шығу керек. Жағаны тігу барысында ұқыпты болған жөн, жейдеңіздің теріс жақ бөлігіндегі тігістер біркелкі әрі жинақы шығуын қадағалаңыз.
Жейдеміз дайын, енді түрлі бижутерия бұйымдарымен сәндеп шығу ғана қалды. Бұл жағамыз классикалық үлгіде болғандықтан, аса көп жылтырақты қажет етпейді. Үлкен түйме не жарамсыз қалған әшекей бұйымдарыңызды іске асыруға болады.
20 минут және жаңа әрі сәнді жейдеңіз дайын. Іске сәт!
Автор: Ақнұр Бектеміс
С. А