Бала тәрбиесі: Ойланбастан айтылатын өтіріктер

Бала тәрбиесі: Ойланбастан айтылатын өтіріктер
Фото: freepik.com

Бала үшін ата-анадан артық жақын адам жоқ. Сондықтан оларға үлкен сенім артады. Олардың айтқаны – заң әрі әрқашан шындық. Кейде балалардың осы сенімін өзіміздің ыңғайымыз үшін қолданамыз. Әрине, барлық жағдайда балаға жақсы болғанын қалаймыз. Бірақ, балаға өтірік айтуға бола ма?

1. "Қорықпа, мүлде ауырмайды!"
Біз осылайша уәде бергінімізбен, бірнеше секундтан соң, екпе инесі баланың денесіне батып, ауырады. Мұның өзі баланың дәрігер, ата-ана мен адам баласына деген сенімін жоғалтуы үшін жеткілікті.

2. "Болды! Мен кеттім, сен қал осында"

Ойын алаңынан не қызықты ортадан баланы алып кетудің ең оңай тәсілі болғанымен, бала сіздің бұл сөздеріңіздің текке айтылғанын ұқпайды. Ал, есейе келе, сізге дегені сенімі азайып, ата-ана махаббатына күмәнмен қарайтын болады.

3."Сенің қолыңнан бәрі келеді!"
Әрине, баланы кейде мақтап отыру керек. Оның биі, айтқан әні жақсы болғанын айтып, мақтап қойсаңыз баланың өзіне деген сенімі арта түседі. Дегенмен, сәл ес білген шағында оның қателіктерін де көрсете біліңіз. Өйткені, мақтау күту әдетке айналады.   

4. "Көреміз..."
Балалардың ең жиі еститін сөзі "көреміз" екені жасырын емес. Ойыншық алып беруді өтінген баланы тек осы сөзбен қанағаттандырып қоямыз. Бірақ, бұл сөздің "ешқашан" сөзінің эвфемизмі екенін жақсы білеміз. Балані текке үміттіргенше, "жоқ" деп, себебін түсіндіріңіз.

5. "Егер тамағыңды тауыспасаң, өспейсің"
Адамның бойы, салмағы мен өсу қарқынының 95%-ы генетикамен тығыз байланысты. Сондықтан, баланы күштеп тамақтандырудың қажеті жоқ. Өйткені, бала ересектерге қарағанда өзінің тойғанын әлдеқайда жылдам ұғады. Күштеп тамақтандыру баланың бойындағы тойымсыздықты оятады. 

Балаларыңызға қай өтірікті жиі айтасыз?

Т. Есқали