- Негізгі бет
- Шаңырақ
- Бүгінгі балалар үшін...
Бүгінгі балалар үшін қандай ойыншық ерекше?
Бала – әрбір үйдің көз қуанышы, шаттығы, берекесі. Баланың күлкісі мен бақыты үшін қолда бардың бәрін айырбастауға болады. Бүгінде байқасаңыз, балалардың ойнайтын ойындары мен ойыншықтары, талаптары әлдеқайда жоғары. Тіпті өзіміздің балалық шағымызбен салыстыруға келмейді. Дегенмен ата-ана үшін баланың қандай талабы болмасын маңызды. Ал, сыйлық сыйлау бала үшін бір ғажайып дүние дерсіз. Сол себепті бүгінгі балалар үшін қандай ойыншық ерекше? Ата-аналар қаншалықты жиі сыйлық жасайды? Осы тақырып төңірегінде сауалнамаға қатысқандар пікірін назарларыңызға ұсынамыз.
Ақтоты Жапатова: Баламның әзірге өзіне аса ұнайтын сүйікті ойыншығы жоқ. Ол соңғы әкелінген ойыншықпен келесі жаңа ойыншық алғанша ойнап жүре береді. 2-3 айда 1 рет дамытатын жаңа ойыншық алып береміз. Ал мерекелерде өзіміз арнайы сыйлық жасамаймыз. Мереке күні бір жерге арнайы барып жатсақ, шар алып беруіміз мүмкін.
Тынышай Мусаева: Үйде қызымның Анна және Эльза есімді қуыршағы бар, сол ерекше ұнайды. Негізі өзім 3 баланың анасымын. Оларға жиі сыйлық жасап тұрамын. Алайда көбіне киім-кешек, өздерінің арнайы сусабындарын, жалпы өздері пайдаға жарататын, қолданатын заттарын, қалаған ойыншықтарын алып береміз. Балаларымның барлығы қуыршақпен ойнағанды жақсы көреді, тіпті ұлым да әпкелеріне еріп қуыршақ ойнап отырады.
Салтанат Әбілдаева: 4 балам бар. Алғашқы екеуі ұл, екеуі қыз. Үлкені 6 жаста. Ауылда ата-енеммен бірге тұрамын. Сондықтан ойыншықты көбіне ата-әжесі алып береді. Үлкен ұлымның "Тобот" деген ойыншығы бар, соны ерекше жақсы көреді және ешкімге бермейді. Ал туған күндерінде арнайы өз қолыммен торт жасап беремін. Көбіне үйге келетін қонақтар сыйлық алып келеді. Негізі қыздарым қыз болып қуыршақ ойнамайды, алдыңғы ағаларына еріп машинамен, бір-бірімен атысып ойнап жүреді. Күн жылы болса далада өздері көршіміздің балаларымен жарысып ән айтып, бір-бірін қуаласып ойнап жатады. Балаларыма аста-төк көп ойыншық алып бермеппіз.
Фарида Базарбаева: Балама ұялы телефон болса болды. Кішкентайынан телефонға үңіліп отырады. Сүйікті ойыншығы телефон десем де болады. Бала болып ойыншық ойнаса да, басқа балалар секілді емес. Аз ғана уақыт құмары қанғанша ойнайды да, теледидардан немесе телефоннан мультфильм қарағанды жақсы көреді. Осы күндері мектепке барсам, папам екеуің телефон алып бересіңдер деп отыр. Көзіне зиян ғой деп қорқып жүрмін. Одан қалса енді ғана спинерді ұмытып, ойыннан шығарып едік, тағы қандай ойыншық шығарын кім білсін?
Назгүл Сүгірәлиева: Балаларыма «Балапан» телеарнасы жақсы болды. 2 балам да отыра қалып мультфильм көреді. Алайда үлкен ұлымның сүйікті ойыншығы – құрастырма. Балабақшаға барады. Доппен де, машиналарымен де жақсы ойнайды. Туған күнінде ғана арнайы сыйлық алып бермесек, қалған уақытта көп сыйлық жасамаймыз. Үйде сыйлық ретінде келген ойыншықтары көп. Ойыншықтарды екіге бөліп, жартысын жоғарыға, жалықты-ау дегенде алып беремін де, сосын қалғанын тығып қоямын. Зерікпес үшін солай жасаймын. Сол 1-1,5 аптада балаларым жаңа ойыншық көргендей таласып, тығып қойған ойыншықтармен жақсы ойнайды.
Гүлсім Қыдырбек: Қызыма сыйлық ретінде әкесі көбінесе жұмсақ ойыншықтар алып береді, тәттілер сыйлайды. Қызымды әкесі мен ата-әжесі қатты еркелетеді. Ол не десе де айтқанын алып береді. Балалар мерекесінде хайуанаттар бағына, шомылуға алып барамыз. Жиі сыйлық жасаймын деп айта алмаймын, бірақ туған күнін атап өту, тәттілер пісіру, сыйлық жасау – үйіміздегі отбасылық дәстүр.
Баланың серігі де, ермегі де ойыншық болғандықтан, баласына оның түр-түрін әперу мен үлкен қуаныш сыйлау үшін ата-ана ештеңеден де тайынбайды. Алайда бүгінде баласы ойыншығын бұзып немесе сындырып қойса болды, орнына жаңасын алып беруга асығатын ата-аналар саны артып келеді. Бұл бала тәрбиесіндегі үлкен қателіктердің бірі. Себебі бұл жағдай баланы қазірден бастап «дайын асқа тік қасық» етіп үйрету мен бала арманын шектеп отырғанмен тең. Өйткені оның қол жеткізгісі келетін дүниелер алдында дайын тұрады немесе оған оңай қол жеткізеді. Сол себепті балаңыздың қол жеткізгісі келіп жүрген ойыншықты жайдан-жай алып бере салмай, өзіңіз тарапынан өлең жаттау немесе тоқсандықты 5-ке жабу, белгілі бір автордың шығармасын оқу секілді шарт болғаны жөн. Тағы бір жолы — кішкентайыңыздың ойыншығы бұзылған, сынған жағдайда жөндеп қайта ойнауға беріңіз. Бұл оның келешектегі ұнамаса тастай салатын, бәріне оңай қол жеткізгісі келетін т.б. жаман қасиеттеріне тосқауыл болар тәрбие бастауы болмақ.
Өзіміздің бала кезімізде елестетіп көрейікші, ағаларымыз қорада жатқан сымдардан трактор жасап, артынан сүйретпесін жасап ойнайтын. Тіпті ата-анамыз ойыншық алып берсе, оны сындырмай, бұзбауға тырысатынбыз. Ал бүгінде бәрі керісінше, гаджетке байланған балалар саны көп. Мұны сауалнама жүргізгенде 1-6 жас аралығындағы балалары бар көптеген ата-аналар аузынан да естідік. Сонда бүгінгі балалар үшін ең маңызды ойыншық телефон болып тұрғаны ма? Сонымен қатар дала мен қала балаларының ойнайтын ойыншықтары мен ойындары да, талаптары да екіге жарылып тұр. Алайда ұялы телефонды бәрі де жақсы көреді екен.
Мамандар балаларға сыйлық аларда олардың жас ерекшеліктеріне сәйкес болуы тиіс дейді. Сонымен қатар ойыншықтарды таңдап алуға ерекше көңіл аударған жөн. Себебі ойыншық – баланың рухани азығы.
Балаларға арналып сатып алынатын ойыншықтар кірлесе, оңай жуылатын, түсі мен кескіні көз қызықтыратындай болуы керек. Кішкентайынан балаларға арналған суретті кітапшаларды сыйға тартсаңыз, бала кітапты жақсы көріп, ұқыпты ұстауға дағдыланады. Ал сурет салып үйрену үшін қарындаш, әртүрлі бор, ермексаз т.б. сыйлауға болады. Алайда бұл тұста әр баланың бойындағы ерекше қасиетіне аса мән беру керек. Сонымен қатар сыйлықты да сол қасиетіне қарай орайластырған дұрыс.
Мектепте оқитын балаларға жас ерекшеліктеріне қарай кітап, мектептегі оқуға қажет бұйымдарды сыйлыққа ұсынған жөн. Сонымен қатар тәтті, жеміс, киім-кешек, өз қажетіне жарайтын сыйлықтар болғаны жөн. Ал сыйлықты буып-түйетін орағыш, әсіресе тәтті салынған қорап әдемі болғаны дұрыс.
Н. Үсенова