Әлем елдеріндегі бала тәрбиесі

Әлем елдеріндегі бала тәрбиесі
Фото: google.kz

1 маусым күні халықаралық деңгейде балаларды қорғау мерекесі тойланады. Жаймашуақ жаздың алғашқы күнімен келіп жететін балаларды қорғау күні – ертеден келе жатқан халықаралық мерекелердің бірі. Барша әлем халқы бұл мерекені 1950 жылдан бері тойлап келеді.

Қазақ халқы айтпақшы, «балалы үй – базар» екені, бала бар жерде күнде мереке екені айтпаса да түсінікті. Бала - басты байлығымыз, ал ең асылы – оның тәрбиесі. Бүгінгі мереке қарсаңында әлем елдерінде бала тәрбиесіне қалай мән берілетіні туралы сөз қозғағалы отырмыз.

Отбасы – бала тәрбиесінің ең алғашқы алтын ұясы. Баланың тәрбиелі болып өсуіне отбасы мен өскен ортасының тигізетін әсері мол. Бала тәрбиесі ұлт таңдамайды, тәрбие барлық ұлтқа қызмет етеді. Алайда, әр елдің балаларының бала тәрбиелеу ісі бір-біріне ұқсай бермейді. Әр ұлттың тәрбие беруі әрқилы болса да, бала атаулыға бірдей нәрселер қажет. Олар: туған отбасы, ұядай жылы үй, ата-анасының қамқорлығы мен сүйіспеншілігі.

Бала тәрбиесiндегi әр елдiң өзiндiк ерекшелiктерiн оқытатын ғылым бар. Оны этнопедиатрия деп атайды. Жас ғылым саласы деуге де болады.

Жапониядағы бала тәрбиесі

Жапондар бала тәрбиесіне баса мән беретін ұлттың бірі. Олар «балаңды бес жасқа дейiн патшаңдай күт, он бес жасқа дейiн құлыңдай жұмса, ал он бестен кейiн досыңдай сырлас» деген тәрбие негізін берік ұстанады. Жапондар бала тәрбиелеуде «ұл», «қыз» деп бөлмейді. Екеуін де қазақ халқы сияқты еркелетіп өсіреді. Күншығыс елі мен қазақ халқының ұлттық тәрбиесіндегі бір ұқсастық - ер баланы ел қорғаны, қыз баланы келешек отбасы ұйытқысы болуға баулу.

Қатаң қағидалар негiзiнде өскен жапон баласы он бес жастан кейiн тәртiптi, оң-солын таныған, жақсы мен жаманды айыра алатын толыққанды азамат саналады. “Патша” болып еркiн өскен бала 5-6 жасынан бастап, тастай темiр тәртiпке бағынатын “қиын” күндерге тап болады. Егер бұл тәртiпке бағынбаса, қатаң жазаланады. Жапон баласы үшiн ең үлкен жаза – жалғыз қалу. Отбасы мүшелерiнен бөлек бөлмеде жалғыз отырудан асқан азап болмайтынын сәби күнiнен санасына сiңiрген бала сол жазаға ұшырап қалмауға күш салады. Көпшiлiктен, қоғамнан тыс өмiр сүру түсiнiгi жапондардың ортасында кешiрiлмес күнәмен тең.

Кәрістердің бала тәрбиесі

Кәрістер балалардың өмірінің басталуын, оның бір жасқа толу жасын есептейді. Осы кезден бастап қана бала толыққанды адам болып есептеледі. Балалардың әрқайсысының бір жасқа толуын міндетті түрде атап өту керек, егер атап өтілмесе, онда ержеткенде баланың үйлену тойын, мерейтойын және т.б. тойларын атап өтуге болмайды. Сондықтан да ата-аналар балаларының бір жасын ерекше атап өтуге тырысады. Кәрістер үшін бала тәрбиесі - сөз бен істегі адалдық, мақсатқа жетудегі табандылық пен төзімділікке баулу.

АҚШ-тағы бала тәрбиесі

АҚШ-та бала тәрбиесі «әрбір бала өз бетінше өмір сүріп үйрене алу керек» деген ұстанымға негізделген. Көбіне ата-аналар балаларының талап-тілегін бірінші орынға қояды. Жылдам орындауға тырысады. Ал бұзықтық жасаған балаларын екі түрлі тәсіл арқылы жазалайды. Біріншісі – ойыншықтарын алып қойып, теледидар көруден шектеу, екіншісі – орындыққа отырып өзінің қате жасаған іс-әрекеті жайында ойлану. Отбасында баланы ұру қатаң түрде заңмен қудаланады.

Қытайдағы бала тәрбиесі

Қытайлықтар балаларын кішкентайынан төзімді, сабырлы және қанағатшыл болуға тәрбиелейді. Аспан асты елінде тәрбиенің дәстүрлі стильдері еуропалық тәрбиеден мүлде өзгеше. Бала тәрбиесі мемлекеттік маңызы бар шаруа саналады.

Қытайлықтар елде бала санына шектеу болғандықтан, жақсы тәрбие беруге тырысады. Дегенмен көп қытайлықтар отбасы жағдайларына байланысты балаларын ерте жастан-ақ бөбекжайларға береді.

Израильдегі бала тәрбиесі

Еврейлер отбасында бала тәрбиесі қатаң бақылауда болады. Тәрбие беруде өзіндік ұстанымдары да бар. Мәселен, баланың әлжуаз, көп шағым айтуына жол бермейді. Баланың көзінше ақша туралы сөйлеуге де болмайды. Себебі бала танымында маңызды дүние ақша қалыптасып, адамдық қасиеттерден алшақтай түседі деп топшылайды.

Еврей отбасында жұбайлар бір біріне ерекше құрметпен қарайды. Ата-ана арасында сыйлы қатынас болса, бала өзін батыл сезінеді екен. Олар баланы үнемі мақтап жүреді. Бұл оның туыла салғанынан басталады. Тіпті, оның ең бірінші салған түкке тұрғысыз суреті үшін де мақтап отырады. Кез келген жетістігін барлық туыстарына, достарына хабарлайды.

Үндістандағы бала тәрбиесі

Үндістер балаларын қатаң ұстайды. Оларда ата-ана мен бала арасындағы достық қарым-қатынасты өте сирек кездестіресіз. Балалар кішкентай кезінен бастап ата-анасының таңдауына, қалауына мойынсұнып өседі. Сондықтан, ержеткенде немесе бойжеткенде әке-шешесі кімді қалайды, сол адаммен бас қосады.

Испаниядағы бала тәрбиесі

Испанияда баланы ешуақытта қараусыз қалдырмайды. Үйде жалғыз тастамайды. 12 жасқа дейін баланы мектепке ертіп апарып, ертіп алып қайтады. Баланың танымы кең болып, мансап жолында ірі жетістерге жету жолдарын кішкентайынан құлағына құйып өсіреді. Балаларын өзгелермен салыстыра қарамайды. Отбасын, ұлттық құндылықтар мен үлкендерді сыйлауға баулиды.

Швециядағы бала тәрбиесі

Швед отбасылары балаға сәби кезінен жеке тұлға ретінде қарап, еркін тәрбиелеуге тырысады. Балаларын ұрып-соғуға тыйым салынған. Тіпті оны қылмыс ретінде санайды. Сондықтан, әрбір шведтік бала әке-шешесі өзіне қол жұмсаса, полицияға хабарлауға құқылы. Мұндай кезде ата-аналарға әкімшілік тарапынан жаза қолданылады.

Германиядағы бала тәрбиесі

Германия – тәртіптің елі. Бала тәрбиесінде де бірінші орынға тәртіпті қояды. Ал ата-аналар үшін басты орында – жауапкершілік.

Қазіргі таңда Германия бала туу көрсеткіші бойынша құлдырап бара жатқан елдердің бірі. Себебі жастар көбіне мансап қуып, 30-дан аса, 40 жасқа таяғанда үйленеді. Сондай-ақ бірнеше баламен шектелуді жөн санайды. Бүгінде бұл процессті жою мақсатында мемлекет түрлі жобаларды қолға алуда.

Ө. Сансызбай