Сенімсіздіктің түбірі неде? #2

Сенімсіздіктің түбірі неде? #2
Фото: Михаил Хван

Баланың сенімді болу-болмауына әке тәрбиесі тікелей әсері бар. Өткен мақаламызда баланың тәрбиесіне аса мән бермейтін, ішімдікке салынып, отбасының психикасына кері әсер ететін әрекеті туралы әңгімелеген едік. Бұл жолы әкенің мақсатқа талпынғыш болуының нәтижесін талдаймыз.

Егер әке мақсатқа берік, өзіне сенімді, тек алға жүруді жөн көретін адам болса, бала да әкесінің мінезін өзіне сіңіріп, сенімді болады. Қандай қиын іс тұрса да, жүрексінбей, тек алға жылжу керек деген қағидамен өмір сүреді.

Өзіне сенім - қанмен берілетін қасиет емес, көзбен көріп, санаға сіңіретін әдет!

Ата-ана қандай болса, бала да сондай болады. Егер сіз балаңызға өзіңіз қолыңыз жетпеген талаптар қоятын болсаңыз, оның оларға жетуі екіталай. Керісінше, ол сізге ерегісіп, кері жүруі мүмкін. Бұл көп жағдайда қасақана емес болатын жағдай.

Көп жағдайда баланың тұйықтығын, өзіне сенімсіздігін ата-анасы баланың сыныптастарынан, қатарластарынан көреді. Яғни, «менің баламды ұрады, баламмен дос болмайды» деген айып тағып, күйіп пісіп жүреді. Негізінде баланың мінезінің ерекшелігі тек ата-анасына байланысты. Оған айтар сөздеріңіз, оған көрсететін тәліміңіз, оған үйрететін әрекеттер. Тіпті, сіз «істеме» деген нәрсені ол бәрібір тыңдамай істеуі мүмкін, егер сіз өз сөзіңізге қарсы шықсаңыз. Егер сіз темекіге тыйым сала тұра, өзіңіз темекі шегетін болсаңыз, бала ызаланып, қайталауы мүмкін.

Яғни ол сіздің сөзіңізді емес, әрекетіңізге қарайды. Сол сияқты сенім де: егер сіз өзіңізге сенімсіз бола тұра, балаңызға сондай талап қойсаңыз, ол оны көтере алмайды.

Жұмысында, жеке ісінде жолы болмаса да, кейбір нәрселер ойдағыдай болмаса да сабырлық танытып, бар жігерін жинап, қайталап байқап көретін әкенің әрекетін бала бейсаналы түрде қайталайды. Себебі ол соны «дұрыс әрекет, дұрыс реакция» деп түсінеді. Сондықтан әрбір әке эмоцияға берілмей, өзінің отбасы алдындағы жауапкершілігі бар екенін ұмытпай, сабыр, байсалдылық танытуы керек.

Міне сенімділіктің болу-болмауының бастауы осындай қағидаларға негізделеді.

Ұқсас жазбалар:

Стереотипті бұзған жігіт туралы

Суицидке қандай күш итермелейді?

Ф. Абилова