Сүйікті әке қандай болады?

Сүйікті әке қандай болады?
Фото: Максим Акулов

Қыз баланың тәрбиесінде әкенің рөлі маңызды. Әрбір әке қызының жанына сенім, тұрақтылық, қайсарлық секілді мінездерді ұялатуы керек.

Арақ ішіп, үйінде жанжал шығарып, отбасының берекесін бұзатын әкелер баршылық. Ондай ортада өскен баланың өмірі қандай болмақ?

Мұндай жағдайда өмір сүретін қыз бала еркек атаулысынан қорқатын болады. Алкогольге мастанып, аузына келгенді айтып, жұртпен алысатын әкені көріп өскен бала ерте есейеді. Үйінің отағасынан қорқып өсетін қыз баласында «тек өзіме ғана сенуім керек, еркектерге сенуге болмайды» деген ұстаным қалыптасады.

Ал тұйық мінезді қыздар мұндай жағдайда одан сайын қорқақ, үрейшіл, уайымшыл болып өседі. Бала кезінен көргені – сенімсіз әке болғандықтан, ауыр өмір салтының қалыптасуына бейсаналы түрде дайын болады.

Арақ-шараптан түбегейлі бас тарту керек деп айтсақ, оны тыңдайтын да адам аз болары сөзсіз. Сондықтан оны мезгілімен, өз орнымен, мастанбай, өзіңді билей алатындай ғана ішу керек.

Бір мезгіл балаңызға зер салыңызшы, кімді көріп тұрсыз? Бұзақы, ер мінезді қыз ба, әлде нәзік, тұйық, жан-жағына үрейлене жалтақтап отыратын балапан ба? Қандай болған күнде де, бұл сіздің тәрбиеңіздің салдары.

Әкесі қызына өзіне деген сенімділікті ұялата білуі тиіс. Балаңыз сыртқы келбетіне де, ішкі жан-дүниесінің сұлулығына да риза болуы керек. Ол үшін сіз оған оның қандай әдемі, сымбатты екенін жиі есіне түсіріп тұруыңыз қажет. Сырт келбетінен гөрі жан сұлулығының маңызды екенін, осы заманда ақыл мен ой-өрістің кең болуы керектігін түсіндіре білуіңіз керек.

«Сен менің ханшайымымсың», «сен осы үйдің мақтанышысың», «сен біздің әулеттің мақтанышысың», «сен әлемдегі ең ақылды, сұлу, әдемі қызсың», «сенің қолыңнан бәрі келеді», «сен ең талантты баласың» деген сөздерді күнде-күнде шын ниетпен айтып тұрыңыз. Сонда бар болғаны бір аптаның ішінде балаңыздың танымастай өзгеріп шыға келгенін байқайсыз. Оның сабағы, достарымен, сіздермен қарым-қатынасы жақсарып, өмірге деген қызығушылығы артады.

Неліктен? Себебі оның тірегі, батыры, сүйікті әкесі оған сол сезімді ұялатты.

Ұқсас жазбалар:

"Мен сенің анаңды жақсы көрем"

"Әкесі жақсы қандай-ды, перзент қамын ойлаған" Күйеу бала немесе "сен менің әкеме ұқсайсың"

Ф. Абилова