Төлен Әбдік. Сәби туралы сыр (соңы)

(Басы)

Өстіп жүргенде ауылдағы әкеңнен хат аласың: «Жазға қарай баланы бірге толысымен өзімізге әкеп тастаңдар. Керек болса, тағы тауып аларсыңдар», – деп жазыпты.

Мәссаған! Сен бір бала жасайтын цехта жұмыс істейтін адам секілдісің. «Әке-ау, бала кішкене буыны қатып жетілсін деп едік. Жылап мазаларыңды алады ғой. Ауылда не дұрыс дәрігер жоқ. Тұра тұрса қайтеді», – деп хат жазасың. Оған: «Буыны қатсын деген не пәле? Немене, ауылдағы баланың буыны қатпай ма екен? Әлде біз бала асырап көрмеппіз бе? Өзің қайдан шықтың? Көктен түстім деп ойлайсың ба? Сөзді қойыңдар да, жазда демалыс алып, баланы әкеп тастаңдар. Болмаса, өзім барып, алып кетемін», – деген жауап келеді. Және хаттың аяғын:«Күндеріңді көре алмай жүріп, бала баққан нелеріңді алған»,– деп аяқтайды. Ал керек болса. Әкең айтқанынан қайтпайтын қырсық адам. Амал жоқ, өзіңе бұйырмайтын баланы бағып-қағып, жаздың аяғында кемпір-шалға апарып тастайсың.

Содан кейін сағынышты күндер басталады. Болбырайған кішкене сәбиің күндіз ойыңнан, түнде түсіңнен кетпейді. Әйелің екеуің баланың бүкіл қылығын бір-біріңе кезек-кезек айтып, мәз боласыңдар. Ауылға барып, балаңның түрін бір көруден артық бұл дүниеде үлкен арман жоқ секілді.

Бес айдан кейін шыдай алмай, балаңды көру үшін елге барасың. Барсаң, балаң сені ұмытып қалған, айнала қашып, жоламайды. Апарған ойыншықтарың мен жеміс-жидектеріңді көрсетіп, пара бергендей болып, әрең дегенде бетінен бір сүйесің. Саған жоламаған сайын, әкең мен шешең мәз болып: «Керегі жоқ олардың. Атасы мен әжесінің баласы қайтеді оларды?» – деп онсыз да оңып тұрмаған жағдайыңды одан сайын қиындатады. Ақыры, «қой, басқа бір бала тауып алып, жарылқанбасақ, мынадан қайыр жоқ екен», – деп күдеріңді үзгендей боласың.

Сол ойыңның жемісі ме, әлде тілегің құдайдың құлағына жетті ме, әйтеуір дүниеге екінші бала келеді. Одан үшінші бала...

Өстіп алғашқы сағыныш уыты біршама қайтқандай болады.

Тағы да таусылмайтын қызық, таусылмайтын қылық.

Дүниеге келген әр сәби отбасы үшін бір-бір тарих.

* * *

Сәби өмірі тым нәзік: бір сәт қылығына сүйініп, мәз болып отырасың, келесі сәтте я құлап, я бір жерін соғып алып, жүрегіңді тас төбеңнен бір-ақ шығарады. Қуаныш пен сүйініш, үрей мен уайым, қызықты да қиын күндер өміріңнің айнымас бір бөлігіне айналып, жүрегіңде мәңгілікке жатталып қалады.

Барлық жан иесі ұрпағымен мәңгілік. Сәби құдіретін мойындау адамның рухани өміріндегі үлкен жеңістіктердің бірі. Бауыр етің – балаңның өзіңнен бөлінген Өзің екенін

сезінген кезде санаңа нұр құйылып, тек өзіңнің отбасың емес, бүкіл адамзат қауымының бауырлас, қандас, тамырлас екенін сезінесің. Өз балаңды жақсы көру сезімі оянады. Көшеде талтаңдап әрең жүріп бара жатқан кіп-кішкентай сәбиді көрсең, қарадан-қарап жүрегің елжірейді. Өйткені көкірегіңде: «Ол да мен секілді біреудің сәбиі ғой», – деген ой тұрады. Сол арқылы өз ата-анаңның қадірін бүкіл жаныңмен ұғасың.

Ендеше, біз баланы ғана емес, бала бізді де тәрбиелейді. Сәби өзінің кіршіксіз періште көңілімен сенің жаныңды лай сезімдерден тазартып, жаңартып отырады. Өз бойыңнан өзің тапқан әлдебір жанқиярлық, жауапкершілік, ізгілікке деген сенім – осының бәрі сәбиіңнің арқасында.

Жаныңды жадыратып отбасына тағы да сәби келеді. Оның аты – немере. Табиғат жарықтық адам баласын бақытты қылудан ештеңені аямаған секілді.

 

Дайындаған: Мейіржан Әуелханұлы

Сурет: tengrinews.kz