Өлі намыстың көксегені не?

Өлі намыстың көксегені не?
Фото: 传送门

Сымсыз телефон. Күнсіз нөсер жауын. Сенсіз бір күн. Мүмкін он күн. Бәлкім бір ғасыр. Сәтсіз диалог. Мәнсіз махаббат. Арпалыссыз тағдыр. Ертең  тағы да жаңбыр. Кірлеген көңілді жуып-шаюға құдды  құдай өзі жібергендей. Маған серік. Мөлдір мұң. Қою, қара түн. Жаңа күнделік. Қара қалам. Кім білсін?! "Сүйем" деген сөзді қимадым. Ол – дұрыс.

Қадірін кетіргім келмеді. "Ұнаттым" деп те айтпадым. Шындық емес. "Жақсы көру". Мүмкін емес. Ескертусіз есік қақтың. Кідіріссіз кірдің. Төрден орын алдың. Шаттық сыйламастан шығып үлгердің. Әуелі мұң сыйладың. Бірақ тәтті мұң.  Сол үшін қымбатсың. Құндысың. Таныдым. Таныдым да өзіңнен өзімді таптым.  Сөйте тұра екеумізді де ескермедім. Тәкаппарлық?! Иә, өлі намыс өзімнен өзгеге қажеті жоғын кеш білдім. Тым кеш еді. Тарқамас тіршіліктің базарынан , тарқатар шер-мұңымды жан таппадым. Қанат біткен қыз қиял дүниемнің қайда апарары өзіме аян. Самғамайтын биіктік. Шарламайтын қалтарыс. Шартарап кезіп шарқ ұрам. Құбыладан күтіп, үміт еткенім шығыстан қылаң етсе қайтер екенмін?! Алдым – ор. Артым – сор. Жүрекке еркіндік берсем, есіріп кетеді.

Сезінбей жатып, сезімге бөленіп жүрген мен де бір мұңлық. Күн жаумай су болып жүрген сорлы дерсің. Эх, жалған намыс... Маған берілген тәрбиенің әуелгі қағидасында намыс бірінші орында тұрады. Мейлі. ол өлі болса да... Өзі өлген, оның үстіне жалған болса, ол намыстың көксегені не?! Білмеймін. Жүрек сағынсын. Кедергі болмаңыз. Сағынышқа келгенде намыс ешқашан кедергі болмасы анық. Сезімге келегнде ақылға құлақ түріңіз. Жүректі де жылатпаңыз. Бірақ, ешқашан жалған намыстың жетегінде кетпеңіз.

Ә. Жутаева