Ол жүрген соңғы көше

Ол жүрген соңғы көше
Фото: Фотогалерея

Жүрекке жауыздық орнатқан тас жолды бір қыз кезіп келеді. Біреуден емес, бізден қашып әлек. Қараңғы түнде оған көлеңкесі ғана жолдас. Қайда бара жатыр? Кім үшін? Не үшін? Бұл сұрақтар оны қызықтырмайды. Ешкімге тәуелсіз өмірінің рахатын енді сезінейін деді-ау шамасы... Екі көше қиылысындағы маңдайшасы таныс дүкенге көзі түсісімен, аяқ алысын лезде сол жерде тоқтатты. Мың суретінің біріне «фон» болған сол кездің елесі оны еріксіз бір жымитып алды. Бойында үрей сейілген. Қорықпайды. Қорыққан дүниесінің тағдыр тақтасында «қарғыс атқан қонақ» болып шығарын ол біледі.

Көшеде мазасыз күй. Аязы тоңдырып, бораны ысқырып барады. Бар тіршілік тыныштықты қалайды. Тұрбалар орнында. Маңайда із жоқ. Бұл жердің жанға жайлы ең әдемі жер екенін адамдар білмейтін сықылды. Ол «автор» болған асқақ-асқақ армандарды қара жер әлдеқашан бауырына басып, суықта сызын сездірмес үшін ақ қармен алдап қойған. Қыз қарайды да күледі. Күледі де жылайды. Жайқалған бағын батпандай сорға қимайды. Ол бұл көшеге енді қайта айналып келмейді. Үнемі алдынан бата беріп өтетіндей анау ақсақалды да көрмейді. Енді ол банан жемісін де сүймейді. Алыстан тәттілерді күтпейді. Болашақ  базарының  бақытты бағбанына арнап гүлзар бағын күйттейді. Ол бүгін қоштасуға келмеді. Ұмыту үшін жек көрді. Өткені үшін кектенді. Әттеең, бәрі бекер... Кешіре білу үшін де жақсы көру өмір заңдылығы екенін кеш білді

Сендер әлі-ақ мойындайсыңдар! Өмір тек таңдаудан тұрады. Ешкімнің еншісіне тимеген жақұтқа жету үшін , «мендік» деген құны қымбат алтыннан да бас тарта білу қажет. Сендер әлі-ақ көресіңдер! Әлсіздердің әлін үнемі күштілер пайдалана бермейді. Мықтылардың да жер ұрып жеңілетін күні туады әлі. Тек мынаны ұмытпаңдар: «Әркім өз бақытының құлы»... Іштей долданып, әлгі қыз көз ұшында ұзап барады. Артына бұрылып қарамады. Көшедегі «тіршілік» атаулысы да оған қарап үн қатпады. Тоқтатпады. Алғаш өзін бақытты сезінді. Ол «кетсе,қайта келмейтін» ұзаақ сапарға аттанды. Ғашықтық  ауылына... Ол өз көктеміне асық. Келер жазын өзімен жарыса күтетін  бір жанға мәңгі ғашық. Олардың әйтеуір бір күні кездесетіні анық. Тек қай көшеде? Тағдырға ғана мәлім, беймаза сұрақ...

Ә. Жутаева