Қысқартуға ұшырасаңыз...

Қысқартуға ұшырасаңыз...
Фото: Юлия Королева

Қысқартуға ұшырадыңыз ба, құттықтаймыз! Себебі, сіз өзіңіз ұнатпайтын жұмыстан құтылдыңыз. Не істеу керек?

Егер сіз жұмыстан қысқарту жайлы хабарландыру қағазын алсаңыз, еш қамықпаңыз, өйткені, бір ай уақытыңыз бар (заң бойынша мұндай қағаз бір ай бұрын берілуі тиіс). Жұмыс беруші тағы бір ай сізге жәрдемақы беруі міндетті. Әрине, басшыларыңыз сізді жұмыстан өз еркімен кетуге өтініш жазуға үгіттеуі мүмкін, ол кезде ешқандай жәрдемақы ала алмайсыз. Сондықтан, оған келіспеңіз.

Хабарландыру қағазын алған күннен бастап жұмыс қарастыра бастаңыз. Әрине, қысқаруға түскен жан алдымен қатты есеңгіреп қалатыны хақ. Мұндай жағдайда терең-терең тыныс алып, сабыр сақтауға тырысыңыз. Ренішіңізді басу үшін бөтелкемен дос болмаңыз, қалтаңыздағы ақшаңызды жұмсамай тұра тұрыңыз. Айтуға оңай сияқты болғанмен, басыңыз аман, бауырыңыз бүтін. Екі қолға бір жұмыс табылады. Әбден ойланыңыз, қандай іске икеміңіз бар? Неліктен қысқартуға ұшырадыңыз? Біліміңіз, білігіңіз, мінезіңіз, темпераментіңіз сай келмеді ме?

Бәлкім мамандық ауыстыратын кез жеткен шығар?

Әйтеуір жұмыс болса, болды деп, жан дәрмен келесі бір табылған жұмысқа қойып кетпеңіз. Мұндай жайт психологтардың пікірінше, адамның өмірін жақсы жағына өзгертуге мұрындық болады.

Қалайша?

Бұл жайт терең құздың ішіне құлап кеткенмен бірдей. Есіңізді жиғанда алдымен аман қалғаныңызға қуанатыныңыз сөзсіз. Өмірдің қаншалықты қымбат екенін сезінесіз. Содан соң жан-жағыңызға қарап, одан шығар жол іздейсіз. Адамдарды көмекке шақырған пайдасыз, тереңде жатырсыз, телефоныңыз сынып қалған.

Не істейсіз?

Мұндайда әркім өз ақылына, тәжірибесіне сүйенеді. Мысалы, қолына үшкір тас алып, жардан баспалдақ жасай бастауы мүмкін.

Әлбетте, мұндай баспалдақты бір күнде жасап шыға алмассыз, қарныңыз да ашады, қолдарының да жырым-жырым болады, жылайсыз да, бірақ басқа амалыңыз жоқ, бәріне шыдайсыз. Өмір үшін күресесіз. Осылайша төзімділігіңіз бен еңбекқорлығыңыздың арқасында ғана құздан аман-есен шыға аласыз.

Сәттілік тілейміз!

Ф. Абилова