- Негізгі бет
- Психология
- Жұмысқа орналасу үшін...
Жұмысқа орналасу үшін сұхбаттасуға қалай дайындаласыз?
Көп ұзамай еліміздің барлық жоғару оқу орнының студенттері дипломдарын алып, өз бетімен өмір сүруге талаптанады.
Ең бірінші қадам - түйіндемені дұрыс құрастыру. Түйіндемені дұрыс құрастыру - сізді алғашқы сұхбатқа шақырудың кепілі болып табылады. Мұнда сіздің кәсіби маман екеніңізді дәлелдейтін қырлар көбірек көрсетілуі тиіс. Мысалы, қосымша қандай курстарға бардыңыз, қандай тәжірибеңіз бар? Неше тіл білесіз? Қандай мадақтау алдыңыз?
Түйіндемені құру ерекшеліктерін мына материалдан оқи аласыз.
Екінші қадам - алғашқы сұхбаттасуға бару. Егер сізді сұхбаттасуға шақырса, яғни, түйіндемеңіз ұнады, енді өзіңізді көргісі келеді деген сөз. Сондықтан оған тыңғылықты дайындалғаныңыз абзал.
Біріншіден, шақырған жұмыс орны туралы алдын ала ақпарат жинаңыз. Егер бұрыннан істеп келе жатқан ұйым болса ғана барыңыз.
Екіншіден, жас, жаңаша ойлайтын қызметкер есебінде қандай жаңалықтар енгізер едіңіз? Өзіңізді жұмыс орнында қалай елестетесіз? Осы сауалдар төңірегінде жауаптар іздеңіз.
Үшіншіден, дресс-код киімін әзірлеңіз. Сұхбаттасуға саsual не тым салтанатты болып киінген ерсі көрінеді. Макияжыңыздың барынша табиғи болғаны жөн.
Төртіншіден, кешікпей, 5-10 минутқа ертерек келіңіз. Барынша сабыр сақтап, ішке шақырғанша күйгелектенбей күте тұрыңыз.
Бесіншіден, отырғанда білектеріңізді, аяқтарыңызды айқастырып алудан аулақ болғаныңыз жөн. Орындыққа дұрыс жайғасыңыз, сасқалақтап, құлап қалмаңыз.
Алтыншыдан, сөйлескенде бүгежектемей, сұхбаттасыңызға тура қараңыз, алайда көзіңізді айырмай, қадалып қарау да әдепсіздікке жататынын ұмытпаңыз. Өзіңіздің қимыл-қозғалысыңызды бақылауда ұстаңыз.
Жетіншіден, «былай ғой, әлгі не ғой» деген сияқты қажетсіз қыстырма сөздерді қолданбаңыз. Барынша қысқа да нұсқа, жинақы сөйлеңіз. Реті келсе, екі-үш термин сөзді орнымен қолданғаныңыз абзал. Білгішсініп, бөсіп кеткен де дұрыс емес.
Сегізіншіден, алдын ала сыйлық апарып, осы жұмыстың сізге қажет екенін айтып жалыну - мәдениетсіздік әрі өзін төмендетушілік. Мұндай жағдай күдік тудырады, яғни, сіздің кәсіби маман екеніңізге күмән тудырады.
Тоғызыншыдан, жалақы туралы сұрауды әдепсіздік деп қысылмаңыз. Жыл бойына сыйақы беру қарастырылған ба, жоқ па, білгеніңіз жөн.
Оныншыдан, сізді жұмысқа алсын-алмасын, сәл жымиып, қабылдағаны үшін рахмет айтып, қоштасып, шығып кетіңіз.
Егер сұхбаттасуға алғаш рет баратын болсаңыз, үйде біреуге өтініш жасап, бірнеше рет дайындық жасағаныңыз жөн.
Сурет: business.com
Оқи отырыңыз:
Табысты болуға дайынсыз ба? #2
Жұмыста табысты болудың жолдары
Жұмыста табысты болудың жолдары #2
Ф. Абилова